Қонаққа барғанда (туысқа, достарыңа) еттің қайдан алынғанын білмесек те жеуге бола ма? Әлде олардан сұрау керек пе?
Хадисте мұсылман адамның мұсылман бауырының алдында өтеуі керек болған бес ақысы бар екендігі айтылған. Солардың бірі, егер қонаққа шақырса оған бару. Мұсылман адам өзінің дастарханының адал болуына барынша көңіл бөледі. Қазақта ертеден қалыптасқан салт бойынша мал сойып, құрбандық шалғанда бисмилләсін айтып, дұғасын жасап барып мал сояды. Осыған орай, өзі мал сойып, ет асып қонаққа шақырып отырған үйден ешқандай күмәнға бой алдырмастан ас-ауқаттан жеу керек. Сол сияқты қонаққа шақырған адам етті халал ет сататын орындардан сатып алған болса, оның дастарханынан да еш күмәнданбастан дәм тату керек. Ал егер қонаққа шақырған адам сенімді, сізді жақсы танитын, сіздің тек халал ет жейтініңізді білетін адам болса, ол адамнан ет жайлы сұраудың қажеті жоқ. Ал қонаққа шақырған адам халал дегенге аса мән бере бермейтін немесе өзіңіз тарапынан бір күмән туындаған жағдайда, ол адамның көңіліне кірбің келтірмейтіндей жұмсақ сөздермен, ешкім жоқ оңашада сұрап алған жөн.
Дегенмен, мұсылман адам тек қонақ шақырғанда ғана емес, өзінің отбасы, бала-шағасы үшін де әрқашан халал ет тұтынғаны жөн. Себебі, Алла тағала мұсылман пендеге тек адал ас жеуді бұйырған болатын. Құранда: «Ендеше, уа, адамдар! Жердегі барлық нығметтердің адал, тазасынан жеп-ішіңдер» делінген болатын (Бақара сүресі, 168-аят). Тіптен, адамның дұға-тілектері, құлшылық-ғибадаттарының қабыл болуы да осы ішіп-жеп отырған асының адалдығына тікелей байланысты. Сондықтан, жеп отырған асымыздың адал болуына барынша мән бергеніміз дұрыс болар.
Нұрлан МҰРАТ
"Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы
asyldin.kz