«ЕЛЕС» ДЕГЕН БАР МА?
Жер бетінде адамдардан бөлек жындар әлемі бар. Олар адам баласы секілді Аллаға құлшылық етуге әмір етілген. Жындар оттан жаратылған, әртүлі бейнелер мен пішіндерге ене алатын қасиетке ие. Олардың мұсылмандары, кәпірлері, бой ұсынушылары, күнәһарлары бар. Ішеді, жейді, үйленеді, ұрпақ сүйеді, сондай-ақ, олардың жемейтіні, ішпейтіні де бар. Жындардың бар екендігі Құран және сүннет, ижмағпен бекіді. Олардың барлығына иман келтіру – уәжіп.
Алла Тағала Құранда жындар туралы былай деген:
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Періштелер нұрдан, жындар жалындаған оттан, Адам болса, топырақтан жаратылған»[3], деген.
Жоғарыда айтқанымыздай, жындар әртүрлі бейнелер мен пішіндерде көріне алады. Сондықтан «домовой», «елес», «адамның әруағын» көрдік деп жүргендер ол Алланың жаратылысы – жын болуы мүмкін.
Әртүрлі кейіптегі елесті, жынды көрген адамдар Алладан пана тілеп, олардан қорықпағаны жөн. Өйткені олар Алланың қалауынсыз ешкімге зиян бере алмайды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Жындар жоқ (яғни, олар өздігінен ешкімге зиян бере алмайды)»[4] деген.
Ибн Әсир «ән-Нихая» кітабында: «Арабтар шөл далада жындардың оларға әр түрлі бейнеде көрінетінін, оларды жолдан адастыратынын айтқанда, Алланың елшісі «Жындар жоқ» деп жауап берген. Бұл жерде Алланың елшісі «Жындар жоқ» деп олардың болмысын, барлығын жоққа шығарып жатқан жоқ. Олардың адастыра алмайтынын және олар елес болып көрінетінін айтқан»[5] деп түсіндірме берген. Келесі хадисте:
إذا تغولت الغيلان فنادوا بالأذان
«Егер сендердің біреулеріңе жын-шайтандардың бірі елес болып көрінсе, азан айтыңдар»[6] - деген. Яғни, олардың жамандықтарынан азан айтумен, Алланы зікір етумен сақтану керек.
Қорыта айтқанда, адамның көзіне елес болып көрініп жүргендер –әртүрлі бейнеде көрінетін жындар. Олардан қорқудың қажеті жоқ. Алайда әлеуметтік желілерде, сайттарда тарап жатқан бейнекадрлар мен фотосуреттердің басым көпшілігі монтаждалған өнім екенін ескеру қажет. Шын болған күннің өзінде олардан (жындардан) қорғану жолы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен Құран және сүннетте келген зікірлерді оқып, өзіне дем салып жүрумен болады.
Шариғат және пәтуа бөлімі
[1] Зәрият сүресі, 56-аят.
[2] Рахман сүресі, 14-15 аят
[3].Имам Муслим риуаяты
[4] Имам Әбу Дәуід риуаяты
[5] Ибн Әсир, ән-Нихая кітабы.
[6] Имам Ахмад риуаяты.