Жамағатпен намаз оқығанда "сәлемді" имаммен бірге беру керек пе, әлде имамнан кейін бе?
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде «Негізінде имам намазда оған ұйып, артынан ілесу үшін қойылады. Сондықтан, имам тәкбір айтқанда сендер де тәкбір айтыңдар, сәждеге барғанда сендер де сәждеге барыңдар...»,- деген болатын (Бұхари). Ханафи мазхабы бойынша имамның артынан бірден ілесіп отыру сүннет болып табылады. Яғни, имамға ұйыған адам имамды озып кетпестен, имамның артынан намаз қимылдарын бірден орындап отыру керек.
Имам соңғы отырысқа отырып, сәлем беріп жатқан уақытта артта имамға ұйыған жамағат әлі «әт-тахият» дұғасын оқып бітпеген болса да, имаммен бірге сәлем береді. Керісінше, егер жамағат соңғы отырыста барлық дұғаларды айтып болғанымен имам әлі сәлем бермеген болса, имам сәлем бергенше күтеді. Имамнан бұрын сәлем беруге болмайды. Жамағат намазына бір немесе одан да көп ракағат кешігіп келіп қосылған адам, имам екі жаққа да сәлем бергенде сәлем бермейді. Имам екі жаққа сәлем бергеннен кейін орнынан тұрып, кешігіп келген ракағаттарын толықтырады.
Нұрлан МҰРАТ
"Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы