Қолға ручка сызылып кетіп, соның үстінен дәрет алсақ дұрыс бола ма? (ручкадан су өтіп-өтпеу мәселесі)
Жалпы, дәрет шарттарының бірі - жуылуы парыз болған ағза терісінің бетінде судың теріге жетуіне кедергі келтіретін басқа қабат болмау керек. Яғни, дәретте жуылуы парыз болған ағзаларда (бет, қол шынтақпен бірге, аяқ тобықпен қоса алғанда) ешқандай да бір өзге жабысқан, жұққан (зат) қабат болмау керек. Ал, қалам (сия) немесе карандаш арқылы сызылып кеткен сызықтар терінің бетінде ешқандай қабат қалыптастырмайды және судың терінің бетіне өтуіне ешқандай кедергі келтірмейді. Сондықтан, қалам арқылы денеге тиген сызықтар дәрет пен ғұсылға ешқандай кедергі келтірмейді. Дегенмен, тазалық тұрғысынан дәрет алмас бұрын қаламның сызықтарын сабындап жуып жіберген абзалырақ болады.
Алайда, дәретте немесе ғұсылда жуылуы парыз болған ағзаға тырнаққа жағатын бояу (лак) сияқты қою қалам сиясы тиіп, және ол терінің бетінде қатып қалған болса, онда дәрет алмай тұрып оны алып тастау керек болады. Себебі, ол теріге судың тиюіне кедергі келтіретін бір қабат қалыптастырған болып табылады.
Нұрлан МҰРАТ
Жамбыл облыстық орталық "Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы