СӘБИДІҢ ІШІНЕ ЖЫН КІРУІ МҮМКІН БЕ?
Жын – адам мен періште секілді Құдайдың жаратылысы. Олар ішінара жақсы және жаманға бөлінеді. Жақсы (мұсылман) жындар Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Біз адамдарға ешқандай зиян тигізбейміз, бірақ адам баласы білместікпен өзі тиіссе, сол үшін кек алуымыз мүмкін» деп уәде берген. Жаман (кәпір) жындар, керісінше, адам баласына әртүрлі бағытта зиян келтіруге тырысады.
Шайтан – «алыстатылған», «шектен шыққан» деген мағынаны білдіретін, жынға байланысты айтылған сипат. Жын-шайтандар көбіне шөл дала, лас орындарда жүреді. Күн батқанда жер бетіне тарала бастайды. Сондықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай өсиет айтқан: «Күн батарда балаларыңды өздеріңе жақын ұстаңдар! Себебі осы кезде жер бетінде шайтандар тарайды. Ал түн өткеннен кейін оларды (балаларды) жібересіңдер» (Бұхари, Муслим).
Көпшілік ғалымдардың тұжырымы бойынша, жын кез келген адамға жақындауы, жұғысуы, ішіне кіріп, оның бойын паналап алуы мүмкін. Құран Кәрімде: «Өсім жейтіндер бейне бір шайтан ұрып жынданған адамдай (көрінен) тұрады», – делінген («Бақара» сүресі, 275-аят). «Жынданған» дегенде жын тиген емес, жынның ықпалына түскен, яғни жын кірген адамды айтыр отыр. Ал жынның адамға тиетін жолы көп. Оның арнайы белгілері де жоқ. Әрқилы және әртүрлі себептер болуы мүмкін. Мысалы, есік алдына кірдің суын төгу, далада түнеп қалу, күл-қоқысты басу, малдың сүйегін тебу, күнә істеу және сиқырлану сияқты себептермен жын тиюі мүмкін.
Орынсыз күлу немесе жылау, Құран оқығанда іштей қарсылық сезіну, ақыл-ой кемтарлығы, бұлшықет құрысуы, ұйқысыздық, лас жерде жүру сынды әрекеттер жын кірген адамның басты белгілері болып табылады.
Алайда жын адамның ішіне кіре алады, демек оның қолынан барлық нәрсе келеді екен деп одан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, мұсылман адам жын-шайтанның зиянынан сақтану жолдарын қарастыру керек.
Алла Тағаланы еске алып, зікір ету – жын-шайтанға қарсы ең күшті әрі сенімді қару. Әсіресе, «Фатиха», «Кафирун», «Ықылас», «Фалақ», «Нас» сүрелері мен Курси аятын оқудың пайдасы өте зор. Сондай-ақ Хақ Тағалаға тәуекел етіп, барлық ісінде шынайы Оған сүйену, тамақтанғанда бисмиллә айту, дәрет алып жүру, жуыну, өзіне дем салу сынды іс-әрекеттер пәленің жоламауына немесе одан құтылуға ықпал етеді. Сонымен қатар жыннан қорғану үшін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен таңғы және кешкі сүннет дұғаларды оқып жүру қажет.
Құран Кәрімде: «Менің құлдарыма сенің ешқандай ықпалың жүрмейді. Сен тек өзіңе ерген адасқан азғындарға ғана ықпал ете аласың», – делінген («Хижр» сүресі, 42-аят). Демек шайтан Алла Тағаланы зікір етіп және құлшылық жасап жүрген адамға жақындай алмайды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейнді шайтанның және улы жәндіктердің зиянынан, сұқ көзден сақтауын Алладан тілеп, дұға ететін (Бұхари).
Хасан АМАНҚҰЛ,
Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары,
«Мұнара» газеті, №15, 2020 жыл