АНТИСЕПТИК ҚОЛДАНУҒА БОЛА МА?
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметі қауіпті бактерия, вирус және микробты зарарсыздандыру үшін антисептик қолдануды талап етеді. Қазір коронавирус жұқтырып алмау мақсатында дерлік барлық мекемелерде, сауда орталықтарында, тіпті үйлерде оны кеңінен пайдалануда. Антисептиктің негізгі құрамы спирт болғандықтан, бұл туралы мұсылман қауымы арасында сұрақтар туындауда.
Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтың көзқарасы бойынша жүзім және құрмадан басқа өнімдерден жасалған спиртті антисептик мақсатында қолдануға рұқсат етіледі. Ал қазіргі медициналық спирттер жүзім және құрмадан алынбайтыны белгілі. Антисептик мақсатында қолданылатын сұйықтық, медициналық спирт нәжіс болып есептелмейді. Өйткені харам нәрсенің бәрі нәжіс бола бермейді. Мысалы, есірткі мен удың үкімі харам, бірақ өзі таза.
Құрамында спирті бар иіссулар, спирт араласқан сұйық заттар денеге, киімге тисе нәжіс болмайды, тиген жерін жуу да міндетті емес. Арнайы антисептик заттар немесе медициналық спирт табылмаса, зәрулік үкімді негізге ала отырып, спирттік ішімдіктерді де антисептик мақсатында қолдануға шариғат рұқсат етеді. Бірақ ол нәжіс болғандықтан, намаз оқығанда спирттік ішімдік тиген жерді жуып тастау шарт.
fatua.kz