БИТКОИН КРИПТОВАЛЮТАСЫН ҚОЛДАНУДЫҢ ҮКІМІ
بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ..
Аса Қамқор ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедке оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай! Криптовалюта – криптографиялық технологияға негізделген цифрлық ақшаның түрі болып табылады. Криптовалютаның бірнеше түрі бар. Соның бірі биткоин. Биткоин (Bitcoin, BTC) – орталықсыздандырылған, тек қана дүниежүзілік желіде жүзеге асатын виртуальды валюта.
Бұл жүйені әлемдегі ешбір банк, агенттік немесе мемлекеттік органдар қадағаламайды әрі ол еш жерде басылып шығарылмайды. Бұл валюта – «Bitcoin Mining» деп аталатын процесс, яғни математикалық алгоритмдерді есептеуге арналған бағдарламаны қолданатын миллиондаған компьютердің жұмысы арқылы шығарылады. Негізі ұлттық валюталар алтын немесе ішкі өнім бойынша қарастырылады. Ал биткоин ешқандай дүниемен қамтамасыз етілмеген. Кез келген адам компьютер арқылы өз ақшасының орталық банк жүйесі бола алады. Сондай-ақ, дүниежүзілік желінің әрбір мүшесі бұл операцияларды ешбір делдалсыз, ешкімнің қадағалауынсыз жүргізе алады. Қазіргі күндегі биткоин криптовалютасы шариғатқа қайшы келеді. Оған дәлел:
1. Шариғат бойынша қандай да бір ақша негізге алынуы үшін мемлекет тарапынан шығарылуы керек және оның кепілдігі мен қорғауында болуы шарт. Әбу Али Хасан әт-Тауси: ضَرْب السِّكَّة لم يكن لغير الملوك في كل الأعصار «Ғасырлар бойы ақшаны шығару құқығы патшадан өзгеге берілмеген»[1] – десе, ибн Халдун оны былай түсіндіреді: وهي وظيفةٌ ضروريةٌ للملك؛ إذ بها يتميَّز الخالص من المغشوش بين النَّاس في النقود عند المعاملات «Ол – патшаның аса қажетті міндеттемелерінің бірі. Өйткені бұл арқылы адамдар өзара мәміле жасағанда ақшаның жасанды немесе жасанды еместігін ажыратады»[2]. Ал биткоин ешбір ұлттық валютаның сипатына келмейді. Өйткені ол мемлекеттік органдардың кепілдігімен әрі қаржылық заңдармен қорғалмаған. Нақты активтері жоқ, орталықтандырылмаған виртуальды ақша. Кез келген сәтте оның нарығы күрт өсуі немесе түсуі мүмкін. Бұдан адамдар зиян шегеді. Сондықтан бұл валютамен шұғылдану адамның мал-дүниесін арам жолмен жеуге әрі оның құқықтарын жоюға алып барады;
2. Сауда-саттықтың дұрыс болуы үшін сатушы мен сатып алушысы және ақша мен тауар белгілі болуы шарт. Алайда биткоинда барлық жағынан белгісіздік бар. Өйткені ол шифрлау принциптеріне сүйенеді әрі іс барысында адамның деректері туралы ақпарат болмайды. Биткоинның процесстері көбіне жасырын жүзеге асады. Бұл өз кезегінде шариғат тыйым салған алдауға, алаяқтыққа соқтырады. Алла Тағала Құранда былай дейді: يا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُمْ بَيْنَكُمْ بِالْبَاطِلِ إِلَّا أَنْ تَكُونَ تِجَارَةً عَنْ تَرَاضٍ مِنْكُمْ «Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризашылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек»[3]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) белгісіздік саудасына (ғарарға) тыйым салған[4]. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): من غشنا فليس منا «Кімде-кім бізді алдаса, ол адам бізден емес»[5] деген.
3. Сауда-саттықта зиянға жол берілмейді. Биткоин валюта немесе тауар ретінде жауапты тараптардың бақылауынан тыс қалады. Бұл елдің ішкі экономикасына кері әсерін беріп, қоғамның тұрақсыздануына алып баруы мүмкін. Өйткені ол арқылы тыйым салынған сауданың таралуы, ақшаның жымқырылуы, деструктивті топтардың ақша аударулары орын алуы ықтимал. Ал зиянның алдын алу керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): لَا ضَرَرَ وَلَا ضِرَارَ «Өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды»[6] деген. Осыған орай, биткоин криптавалютаны ақша деп негізге алатындай ешқандай ұлттық валюталардың сипаттары мен шарттары жоқ. Оған қоса бұл валютада (ғиш) алаяқтық, белгісіздік, мемлекет пен жеке тұлғаларға зиян тигізу қаупі бар. Сондықтан бұған тыйым салынады. Мысыр елінің пәтуа комитеті[7] және Еуразия мұсылмандарының пәтуа шығару кеңесі[8] биткоинға тыйым салған.
ҮКІМ «Биткоин» криптовалютасында белгісіздік, алаяқтық қамтылғандықтан және жеке тұлғалар мен мемлекетке зиян келтіретіндіктен шариғат бойынша пайдалануға тыйым салынады.
[1] Сәйру әл-мулук, 233-б.
[2] Ибн Халдун, Әл-Муқаддима. – Бейрут: Муассасату әл-әғләми лил-мәтбуғат, 1/261.
[3] «Ниса» сүресі, 29-аят.
[4] Муслим, №4. Бейрут: Дару ихяи әт-туроси әл-әләмия.
[5] Муслим, №1235.
[6] Ахмад, №2867. Каир: Дарул әл-хадис.
[7] http://www.dar-alifta.org/ar/ViewFatwa.aspx?sec=fatwa&ID=14139
[8] «Криптовалютаны қолдану үкімі» атты пәтуа, Еуразия пәтуа кеңесінің ІІІ отырысы, Стамбул қаласы, 21-22 желтоқсан, 2018 жыл.