ҚҰРАМЫНДА ШОШҚА МАЙЫ БАР ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ ҮКІМІ
بسم الله الرحمن الرحيم
الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай! Қазіргі таңда көптеген дәрілерге шошқаның ағзаларынан алынатын ферменттер қосылады.
Оның басты себебі, шошқаның ұйқы безінен алынатын панкреатин атты фермент (ыдыратушы катализатор) тамақтың тез қортылуына септігін тигізеді. Мұндай дәрілердің үкіміне келер болсақ, шариғатымыз ауырған адамды ем іздеуге шақырады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында, Алла әрбір дертті шипасымен қоса түсірді»[1], – деп, емделу керектігін айтқан. Келесі хадисте: «Алла Тағаланың харам еткен нәрселерінде сендерге шипа жоқ»[2],– деп емнің өзін адал нәрселерден іздеуімізді бұйырды. Осыны негізге алып ғұламалар шариғатта харам немесе нәжіс деп танылған кез келген нәрселермен емделуге рұқсат жоқ деген. Алайда дәрі-дәрмектің құрамындағы нәжіс немесе харам етілген нәрселердің химиялық құрылымы өзгеріп, басқа нәрсеге айналып кетсе немесе түбімен жойылып, болмысынан айырылса қолдануға болады.
Ал өзінің құрамын түбегейлі өзгертпесе, онда оны қолдануға рұқсат жоқ. Тек зәрулік жағдайда, оның орнын басатын басқа таза дәрі табылмаса әрі сенімді, білікті дәрігер оны ұсынса онда бұл дәріні емдік мақсатта қолдануға болады. Ұлы ғалым Иззуддин бин Абду әс-Сәлам өзінің Қауаид әл-ахқам фи масалих әл-әнам атты кітабында жоғарыдағы сөйлемді қуаттап былай дейді: ﺟﺎﺯاﻟﺘﺪاﻭﻱ ﺑﺎﻟﻨﺠﺎﺳﺎﺕﺇﺫا ﻟﻢ ﻳﺠﺪ ﻃﺎﻫﺮا ﻳﻘﻮﻡ ﻣﻘﺎﻣﻬﺎ، ﻷﻥ ﻣﺼﻠﺤﺔ اﻟﻌﺎﻓﻴﺔ ﻭاﻟﺴﻼﻣﺔ ﺃﻛﻤﻞ ﻣﻦ ﻣﺼﻠﺤﺔ اﺟﺘﻨﺎﺏ اﻟﻨﺠﺎﺳﺔ. «Лас (нәжіс) нәрседен басқа орнын басатын таза дәрі табылмаса онымен емделуге рұқсат. Өйткені емделу және денсаулықты сақтау нәжіс нәрселерден аулақ болудан жоғары тұрады»[3]
ҮКІМ:
1. Дәрі-дәрмектердің құрамындағы шошқа ағзасынан алынатын ферменттердің химиялық құрылымы өзгеріп, басқа нәрсеге айналып кетсе немесе түбімен жойылып, болмысынан айырылса қолдануға болады.
2. Егер науқас нәжіс немесе харам қосылған дәрінінің орнын басатын басқа таза дәрі таппаса әрі әділ, сенімді, білікті дәрігер дерттің емі ретінде сол дәріні ішуді ұсынса зәрулік жағдайда қолдануына болады.
[1] Термизи, «Тиб» кітабы, №2038, 4/383.
[2] Бухари риуаят еткен
[3] Қауаид әл-ахқам фи масалих әл-анам: 1-том, 66-бет.