ДОПИНГ ҚОЛДАНУДЫҢ ҮКІМ
بسم الله الرحمن الرحيم
الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Допинг – спортпен шұғылдану кезінде адамға жасанды түрде артық күш беретін, биологиялық белсенділікті арттыратын, денсаулыққа кері әсері бар препарат. Шариғат дінді, жанды, ақылды, дүние-мүлікті, нәсіл-текті сақтауға бұйырады. Спорттың басты мақсаттарының бірі денені тіктеп, денсаулыққа пайда келтіру әрі денеге келетін әр түрлі ауру-сырқаудан сақтап, қуатты-мығым дене ету. Жалпы алғанда адам денесі табиғи қуатты, төзімді етіп жаратылған. Ал допингтің кез-келген түріне көңіл аударар болсақ, одан адам дене-мүшесіне келіп-кетер ешбір пайда жоқ. Керісінше денені қуатынан айырып, адам өміріне қауіп төндіріп, созылмалы ауруларға шалдықтырады, кейде қайғылы жағдайға душар етуі де мүмкін.
Алла Тағала қасиетті Құранда: وَلاَ تُلْقُواْ بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер»[1] – деп бұйырған. Шариғатта: , كل ما ثبت ضرره ثبت تحريمه «Зияндылығы белгілі кез-келген нәрсенің харам екендігі анық» – деген қағида бар. Допинг қолдану денсаулыққа зиянын тигізіп қана қоймай, адам ағзасының Алла Тағала жаратқан табиғи қалпын жояды. Допинг қолдану өтірікке, алдауға, табиғи болмысын жасыруға себеп болады. Алла Тағала Құранда: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اتَّقُواْ اللّهَ وَكُونُواْ مَعَ الصَّادِقِينَ «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар»[2] – десе, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): من غشنا فليس منا «Кім біздерді (мұсылмандарды) алдаса бізден емес»[3] – деген.
ҮКІМ:
Допинг адам денсаулығына зиян болғандықтан әрі спорттық ұйымдардың талаптарына қайшы келгендіктен оны қолдануға шариғатта тыйым салынады.
[1] Бақара сүресі: 195-аят.
[2] Тәубе сүресі: 119-аят.
[3] Имам Муслим