Пітір садақасының үкімі қандай?
Пітір садақасы баспанасы, жиһаздары, көлігі, құралдары мен киер киімінен бөлек артық мал-мүлкі бар кез келген азат мұсылманға уәжіп.
С: Пітір садақасын кімдердің атынан шығарады?
Ж: Өзінің, жас балаларының, кәпір болса да қызметші құлдарының атынан шығарады.
С: Жас баласының өзіне тиесілі мал-мүлкі болса әкесі оның пітір садақасын сол мүлкінен шығара ма, әлде өзінің малынан шығара ма?
Ж: Баланың мал-мүлкі болса содан шығарады. Ал, болмаса әкесі өзінің малынан шығарады.
С: Әйел мен балаларының атынан пітір садақасын беруге бола ма?
Ж: Өзінің қол астында болса да әйелі мен үлкен балаларының атынан пітір садақасын шығармайды. Сондай-ақ, саудаға қойған құлдарының атынан да шығармайды.
С: Екі адамның меншігі болған құлдың атынан пітір садақаны кім шығаруы керек?
Ж: Екеуіне де шығару уәжіп.
С: Пітір садақасы қашан уәжіп болады?
Ж: Пітір садақасын беру ораза айтының бірінші күні таң атқаннан басталады. Сол уақыттан бұрын қайтыс болған кісі үшін пітір садақасын беру уәжіп емес. Сол сияқты таң атқанда иман келтірген адам үшін немесе таң атқан соң туған бала үшін пітір садақасын беру уәжіп емес.
С: Пітір садақасын қай уақытта беру мұстахаб?
Ж: Айт намазын оқуға шығардан бұрын таң ертең беру мұстахаб
С: Айт күнінен бұрын берсе бола ма?
Ж: Айт күнінен бұрын берсе де болады.
С: Ал, айт күнінен кейінге кешіктірсе ше?
Ж: Айт күнінен кешіктірсе қашан өтегенше мойнынан түспейді.
С: Пітір садақасын кімге берген дұрыс?
Ж: Пітір садақасын пақырға, міскінге беруге болады.
Ж: Пітір садақасын берудегі мақсат не?
Ж: Әбу Дәуіттің риуаят етуінше Абдулла ибн Аббас: «Расулаллаһ (с.а.у) пітір садақасын беруді рамазан айындағы ораза кезінде жіберілген қателіктерді тазарту үшін әрі міскіндерге бір той болу үшін міндет еткен», - деген.
С: Пітір садақасының мөлшері қанша?
Ж: Пітір садақасының мөлшері бидайдан жарты сағ (1,625кг) және құрма, мейіз, арпадан бір сағ (3,25кг).
С: Бұл заттардан басқа нәрселермен, күрішпен, жүгерімен немесе ақшалай беруге бола ма?
Ж: Жоғарыда аталған мөлшердегі бидайдың құнына жетіп, пітір садақасын шығару ниетімен беруге болады.
С: Сағтың мөлшері қанша?
Ж: Әбу Ханифаның айтуынша бір сағ сегіз ирақ ратлына тең. Ал, Әбу Юсуф бір сағ 5,3 ратл (2,15кг) деген.