БАЛАҒА АР-РАХМАН ДЕП АТ ҚОЮҒА БОЛА МА?
Ислам діні балаға мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, көркем ат қоюға шақырады. Сондықтан балаға есім беру – аса жауапкершілікті талап ететін іс. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): تَسَمَّوْا بأسَماءِ الأنبياء ، وأحَبُّ الأسماءِ إلى الله: عَبدُ الله وعبدُ الرحمن ، وأصدَقُها: حارِثٌ وهَمَّامٌ ، وأقْبَحُها: حَرْبٌ ومُرَّة «(Сәбилерге) пайғамбарлардың есімдерін беріңдер және ең жақсы есімдер – Абдулла, Абдурахман, ең шыншылдары – Харис[1], Һәммам[2], ал ең жиіркеніштілері – Харб[3] және Мурра[4]»[5] - деген. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: إِنَّكُم تُدْعَون يَوْم الْقِيَامَة بأسمائكم وَأَسْمَاء آبائكم، فَأحْسِنُوا أسماءكم «Сіздер қиямет күні өз есімдеріңізбен және әкелеріңіздің есімдерімен шақырыласыздар. Сондықтан есімдеріңізді көркемдеңіздер»[6].
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл өсиетінде бізді жақсы іске бағыттап, көркем есімдер қоюға шақырды. Олай болса, балаға ат қоярда бірнеше жайттарды ескерген жөн: Біріншісі, балаға қойылып жатқан есім Алладан басқаға құлшылық етуді білдіретін болмауы керек. Өйткені мұндай мағынаны білдіретін есімдер ол адамды өзгелердің алдында төмен қылып көрсетуі ықтимал. Алайда ол Алладан өзгеге табынуды емес, қызмет ету, бағыну мағынасын білдірсе, шариғатымызда ондай есімді қоюға рұқсат береді. Бұлай деуіміздің мәні араб тілінде «абд» (құл) сөзі «жаратылған» және «бас иелігі жоқ, құл» деген мағыналарды қамтиды. Мысалы: «Абдулла», «Абдуррахман» секілді есімдер «Алланың жаратқаны» деген мағынада болса, ал «Абдулмутталиб» сияқты есімдер Мутталибтің қызметшісі, құлы деген мағынаға келеді. Сондай-ақ Абдуннәби (пайғамбар қызметшісі), Абдуррасул (Алла елшісінің қызметшісі) деген есімдер де бар. Мұсылмандарда мұндай есімдермен балаларын атау әдеті ескіден бар әрі оның дінімізге қарама-қайшылығы жоқ. «Абд» яғни «қызметші» мағынасындағы сөздермен бір адамды атау немесе лақап қою Құран мен хадис шәрифтерде келген. Құранда: وَأَنكِحُوا الْأَيَامَى مِنكُمْ وَالصَّالِحِينَ مِنْ عِبَادِكُمْ وَإِمَائِكُمْ «Араларыңдағы бойдақтарды және құлдарың мен күңдеріңнің салихалыларын үйлендіріңдер»[7] - делінген.
Ал хадисте: Барро ибн Азбтан жеткен риуаятта ол: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хунәйн соғысы күні: أنا النبي لا كذب أنا ابن عبد المطلب «Мен пайғамбармын, ол өтірік емес. Мен Абдулмутталибтың ұлымын» деп айтты»[8],- деген. Бұл хадистен Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіні Абдулмутталибтың ұлы екенін айтумен қатар, адамның «Мутталиб қызметшісі» деп аталуға немесе осындай мағына беретін есімдердің болуына дінде рұқсат екенін аңғартқанын көреміз. Егер оған шариғатымызда тиым салғанда, Пайғамбарымыз да оны қолданбас еді. Екіншісі, есімнің тек Аллаға ғана тән болмауы шарт. Мысалы: Алла, ар-Рахим, ар-Рахман, әл-Жәббар секілді есімдер. Бұған дәлел Құран аятында: رَّبُّ ٱلسَّمَـٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِ وَمَا بَيْنَهُمَا فَٱعْبُدْهُ وَٱصْطَبِرْ لِعِبَـٰدَتِهِۦ ۚ هَلْ تَعْلَمُ لَهُۥ سَمِيًّا «(Алла) – Көктер мен жердің һәм олардың арасындағылардың Раббысы. (Уа, Пайғамбар!) Оған [Аллаға] құлшылық қыл да, Оған деген құлшылықта аса сабырлы бол! Оған [Аллаға] аттасты [ұқсасты], сірә, сен көріп-біліп пе ең?»[9] – деп келеді.
Имам әл-Қуртуби өзінің тәпсірінде осы аяттың мағынасы жайлы: «Ибн Аббас: Аяттың мағынасы «Алланың ар-Рахман секілді есіміне лайықты Аллаға ұқсас, теңдес келетін біреуді білесің бе?» дегенді білдіреді дейді. Исрайыл Сәммәктан, ол Икримәдан Ибн Аббастың: «Ар-Рахман» аталатын Алладан басқа біреуді білесің бе?» деп айтқан сөзін жеткізген. Ан-Наххас: «Бұл хабар менің білуімше ең сенімді жолмен жеткен әрі ол айтылған сөз дұрыс. Өйткені «ар-Рахман» деген атпен Алладан басқа ешкім аталмайды» - деді»[10]. Ендеше жоғарыда айтылған Алла Тағаланың көркем есімдерімен Алладан өзге ешкім аталмайды. Осыған байланысты бір кісіге лақап тағылғанда немесе балаға ат қойылғанда осы іспеттес аттарды қоюға болмайды.
Шариғатта Алланы басқамен ортақ ететін мұндай істерге тиым салынады. Сонымен қатар Мәсих Иса, Расулулла, Нәбиулла секілді аттар адамдар арасындағы ғұрып бойынша айтылуы мен естілуі жағынан тек осы есімдермен шынайы аталатындар, яғни тек Исаның (а.с) өзі немесе тек Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі ғана мақсат етілетіні қалыптасып қалған. Сондықтан осындай мағынаны білдіретін есімдерді де балаға қоюға рұқсат етілмейді. Үшіншісі, есімнің мағынасы жаман немесе айтқанда, естігенде сөгіс, балағат сөздерді меңзейтін болмауы керек. Ұлы ғалым әл-Хаттаби «Маалимус-сунан» атты кітабында: «Ең ұнамсыз есім Харб (соғыс) деген есім. Өйткені бұл есім жамандық пен қиындық деген мағынаны білдіреді. Сол секілді Муррә (ащы) деген ұнамсыздық пен ащылық мағынасын береді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсыға жоруды және жақсы есімді ұнататын»[11], – деп келтірген. Осыған орай, балаға Алла, ар-Рахим, ар-Рахман, әл-Жәббар секілді тек Алла Тағалаға ғана тән есімдермен және Расулулла, Нәбиулла, Кәлимулла, әл-Мәсих Иса тәрізді пайғамбарлардың сипатына айналған сөздермен ат қоюға болмайды. Сондай-ақ, адамға ит, сиыр секілді жануарлардың әрі қорлау мағынасында қолданылатын аттарды қоюға тыйым салынады.
Шариғат және пәтуа бөлімі
[1] Егінші, диқан, кәсіп етуші. Яғни дүние және ахирет істері үшін кәсіп етуші, пайдаланушы дегенді білдіреді. Алла Тағала Құранда: «Кім ақырет пайдасын қаласа, оған оның пайдасын арттыра түсеміз» (Шура, 20-аят).
[2] Қам жасаушы дегенді білдіреді.
[3] Соғыс.
[4] Ащы.
[5] Бухари №814. Ахмад №19032.
[6] Әбу Дәуіт №4948.
[7] «Нұр» сүресі, 32-аят.
[8] Бухари №2864. Муслим №1776.
[9] «Мариям» сүресі, 65-аят.
[10] Әл-Құртуби тәпсірі, 13/484.
[11] Маалимус-сунан, 4/126.