Қажылық кезінде еркектер мен әйелдер бірге тәуәп жасайтыны белгілі. Осыған рұқсат етілген бе?
Ибн Журайж былай айтқан: «Ибн Хишам әйелдер мен еркектердің бірге тәуәп жасауына тыйым салғанда, Ата маған: «Егер Алла Елшісінің (ﷺ) әйелдері де басқа ер адамдармен бірге тәуәп жасағанда, оған ол қалай тыйым салмақ?!», - деп айтқан.
Мен Атадан: «Олар қажылықты жабылу туралы бұйрық түсірілгенге дейін және одан соң да басқа еркектермен бірге өтеген бе?» - деп сұрадым.
Сонда Атаның берген жауабы: «Хижаб кию туралы бұйрық түсірілген соң мен мұның куәгері болғаныма ант етемін».
Мен одан қайталап: «Жарайды, солай-ақ болсын, бірақ олар қалай ер адамдармен бірге қосылып жүрген?» - деп сұрадым.
Ата былай деп жауап берді: «Олар еркектермен қосылмады. Айша анамыз (р.а.) тәуәпты еркектерден бөлек жасаған. Тіпті бірде бір әйел оған: «Уа, тақуалардың анасы! Қара тасқа қолыңды тигізсеңші», - деген екен.
Сонда Айша анамыз (р.а.) былай жауап беріпті: «Сен барғың келген жерге бара бер, бірақ мен бармаймын».
Олар тәуәпты адамның кім екенін танып білу мүмкін болмайтын қою қараңғы түскенде жасайтын болған екен. Қағбаның ішіне кіргілері келсе де, оның ішіндегі барлық ер адамдар шықпағайынша күтіп тұратын».
Ата сөзін жалғастырып былай деген: «Меккенің кадиі болған Убайд ибн Умайрмен бірге Себр тауындағы Муздалифте тұрған Айша анамызға (р.а.) бардық».
«Айша (р.а.) қандай киімде болды?», - деп сұрадым мен.
Ата айтты: «Айша (р.а.) ешкінің терісімен жабылған кішкене шатырдың ішінді отырды. Шатырдың ішінде бізді Айшадан (р.а.) бөліп тұрған перде болды. Мен оның қызғылтым көйлек киіп отырғанын байқадым»» (Бұхари, Хаж, 64).
Еркектермен әйелдердің бірге тәуәп жасауы рұқсат етілген болып табылады. Алайда еркектермен әйелдер бір-бірлеріне жанаспау үшін, әйелдерге тәуәпты жылдам өтеу ұсынылады.
asyldin.kz