Құбла жаққа қарап түкіруге бола ма?
Бұл сұрақтың жауабын мына бір аятпен бастағым келіп отыр: ذَلِكَ وَمَنْ يُعَظِّمْ شَعَائِرَ اللَّهِ فَإِنَّهَا مِنْ تَقْوَى الْقُلُوبِ
«Міне осы. Кім Алланың белгілерін ұлықтаса; күдіксіз ол, жүректің тақуалығынан» (22:32).
Иә, Құбла – бұл ислами ғұрыптық белгілердің бірі. Хадистердің бірінде былай айтылған:
«Кімде-кім Құбла жаққа қарап түкірсе, Қиямет күні сол түкірігі оның екі көзінің арасында болады» (Ибн Хузейма, Сахих, 3/83; Әбу Дәуд, Атима, 40).
Ал басқа хадисте былай келтірілген: «Мешітте түкіру үлкен күнә болып табылады. Күнәның өтелуі – қақырықты жуу» (Мүслім, Масаджид, 56; Ахмад ибн Ханбал, 3/289).
Жоғарыда айтылған аят пен хадистерден түсінетініміз – мешітте немесе намаз оқып тұрып Құбла жаққа түкіруге үзілді-кесілді тыйым салынған.
Соңғы хадис жөнінде Санани «Субулюс-Салям» кітабында былай деген: «Дегенмен бұл хадистің сыртқы мағынасы намаз кезінде болып жатқан жайтқа қатысты айтылғанымен де, ол намаз сыртындағы барлық жағдайларды да қамтиды. Сондықтан намаз уақытынан бөлек кезде де Құблаға қарап түкіруге тыйым салынған болып табылады».
Қысқаша айтқанда, намаз кезінде немесе мешітте Құбла жаққа қарап түкіруге тыйым салған Алла Елшісі (ﷺ) болатын. Бұл тыйым салуды намаздан тысқары кезде де ұстану, жоғарыда келтірілген аятқа сәйкес - тақуалықтың белгісі болып табылады.
asyldin.kz