Намазымды міндетті түрде күйеуіммен бірге оқуым керек пе әлде бөлек оқи беруіме бола ма? Жолдасымның намаз оқығанына бір-ақ ай болған, намаз оқуда ол маған имам бола ала ма?
Бес уақыт намазды жамағатпен оқу – ер адамдар үшін бекітілген сүннет болып табылады. Алла Елшісі (ﷺ) өзінің барлық намаздарын жамағатпен бірге оқыған әрі барлық хадистерде жамағатпен намаз оқудың құндылығы айтылған.
Әйелдер үшін жамағатпен намаз оқу бекітілген сүннет болып табылмаса да, дегенмен, оларға да осы сауаптан үлес алуға тырысу керек.
Имам болатын адамға қойылатын басты талаптардың бірі – ол ер адам болуы тиіс. Сондықтан да әйел адам ер адамдарға ешқашан имам бола алмайды. Солай десе де, әйел адам басқа әйелдерге имам бола алады, бірақ бұл мәкрүһ болып табылады. Егер әйелдер жамағат болып намаз оқуды шешсе, онда олардың арасынан имам болып тағайындалғаны бөлек емес, алдыңғы қатардың ортасында тұруы тиіс. Негізі, имам әйелдің жамағаттың алдында тұруы мәкрүһ болып саналады. Бұған сүйене отырып айтатын жайт – ең дұрысы, әйелдерге жамағат болып намаз оқымай, намазды жалғыз оқығандары абзал.
Намазды өз үйінде, өз отбасымен де жамағат болып оқуға болады. Бұл жағдайда отбасы мүшелері келесідегідей болып сапқа тұруы керек: отбасының отағасы имам рөлін атқарады, оның артында ұлдары, ұлдарынан кейін олардың анасы, ал анасынан кейін қыздары тұрады.
Егер бір үйде тек күйеуі мен әйелі ғана тұрса, онда күйеуі имам болады да, ал әйелі жамағат болып табылып, күйеуінің артында тұрады. Бұл жағдайда әйел еркектен бір қатар аралықта кейін тұрғаны жөн.
asyldin.kz