Жаңа туған нәрестенің аузына құрманың мәйегін салу Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннеті болып табыла ма?
Шыр етіп дүние есігін жаңа ашқан сәбидің аузына жақсылап езілген құрманың кішкене бөлігін салып әрі оның ернін құрманың мәйегімен сүрту Алла Елшісінің (ﷺ) сүннеті болып табылады. Аталмыш рәсім тахник деп аталады. Ең дұрысы, бұл рәсімді тақуа не болмаса амалдары жақсы адамның жасағаны абзал. Сондай-ақ, құрманың орнына мейіз не болмаса қанттың кішкене бір бөлігін де қолдануға болады, алайда құрманы қолдану анағұрлым дұрысырақ.
Айша анамыздың (р.а.) былай айтқаны келтірілген:
«Жаңа туған сәбилерді Алла Ешісіне (ﷺ) алып келуші еді. Пайғамбарымыз (ﷺ) сәбилер үшін жақсы дұға тілеп, пісіп тұрған құрманы сығып, олардың ауыздарына біраз шырын тамызатын» (Бұхари, Даават, 3; Ибн Маджа, Тахарат, 77).
Көріп отырғанымыздай, Алла Елшісі (ﷺ) ана сүтінен басқа жаңа туған сәбидің құрсағына баратын, оның алғашқы асы болатын тағамға да аса көңіл бөлген. Осы мәселе жөнінде келтірілген бірнеше риуаяттар Пайғамбарымыздың (ﷺ) тахник рәсімін тек өзінің немерелеріне ғана емес, сонымен қатар, өзге де мұсылмандардың балаларына қатысты жасағанын көрсетеді.
asyldin.kz