Мен мұсылман емеспін, христиан дінін ұстанушы келіншекпін. Жұбайымның арқасында Ислам дінін жақсы танып-біле бастадым, алайда менің анам бұл дінге қарсы. Менің не істеуім керек? Анамды таңдарымды не дінді таңдарымды білмеймін...
Егер сіз Исламды танып-біліп, оны өзіңіздің дініңіз етуге бел шешсеңіз, алған бетіңізден қайтпаңыз, алайда анаңызға қатысты жақсы қарым-қатынаста қалуға тырысыңыз, өйткені Ислам аналарды қадірлеуге қатты көңіл бөледі. Өйткені тек аналар ғана неше-түрі қиыншылықтарды басынан өткере жүріп, бізді бағып-қағып, өсіреді әрі үнемі бізге деген өзінің шексіз сүйіспеншілігін көрсетеді.
Мұсылмандардың Қасиетті Құранында аналарға тіпті «түһ» деп айтуға да тыйым салынғандығы келтірілген, алайда мәселе дінге келгенде жағдай басқаша. Ата-аналарымыз бізге күнә жасауға бұйырғанда, оларға бойұсынуға болмайды. «Аллаға бойұсынуда Оның жаратқандарына бағынба» деген риуаят келтірілген. Сол себепті, анаңыздың ислам дінін қабылдауға қарсылық танытқанына қарамастан, оның айтқандарын тыңдамай, өзіңіз шешім қабылдаңыз, өйткені бұл жерде жанды мәңгілік азаптан құтқару сөз болып отыр.
Ислам дінін қабылдаған соң, сіздің өміріңізде ең маңызды жайттар орын алады. Біріншіден, сіз исламға сай өмір сүретін боласыз, екіншіден, ата-анаңызға, туған-туыстарыңызға аталмыш дін туралы айтып беру міндеті жүктелінеді.
Мұның бәрін сіз сыпайы, сабырлы түрде айтып жеткізе білуіңіз керек, әсіресе, анаңызға бұл діннің соңғы әрі хақ дін екенін әрі ешқандай қауіп-қатердің жоқ екенін түсіндіруіңіз қажет.
Біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) заманында да кейбір сахабалардың ата-аналары мұсылман болмағандықтан, олар Алла Елшісінен (ﷺ) ақыл-кеңес сұрап тұратын болған. Пайғамбарымыз (ﷺ) болса ата-аналарына жақсы қарым-қатынаста болып, оларды қадірлеуді ұсынатын. Егер біз құтылудың жолын тапқан болсақ, онда неге ата-анамыз бен туған-туыстарымызға да мәңгілік азаптан құтылар жолды көрсетпеске?..
asyldin.kz