Исламның ұлы қайраткерлері туралы фильм түсіріп, олардың рөлдерін сомдауға бола ма?
Мұндай фильмдерді түсіруге болады, тек актерлердің пайғамбарларды сомдауына болмайды. Фильмде асыл дініміздің негізін қалаушы тақуа жандарды тек сұлба, кескін немесе анимация түрінде көрсетуге болады.
Ал енді біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахабаларына келер болсақ, мұндай ұлы адамдарды сомдайтын актерлер жақсы таңдаудан өтулері тиіс. Актер өз кейіпкерінің өмір-баянын бес саусағындай танып-білуі әрі сол замандағы діни өмірді бүге-шігесіне дейін жақсы сезіне алуы қажет.
Мысалы үшін, «Мұхаммед – Алла Елшісі (ﷺ)» атты фильмдегі Хамзаның (р.а.) рөлін лайықты түрде сомдау үшін Энтони Куин есімді актер бірнеше ай аталмыш сахаба өмір сүрген жерлерде тұрып, тарихи және этнографиялық мәлімет жинаған және жергілікті тұрғындардың салт-дәстүрлерімен етене танысқан. Егер актер кейіпкерді көркем түрде шынайы жеткізе алмайтын болса, онда мүлде ойнамай-ақ қойғаны дұрыс, өйткені нашар ойналған рөл ұлы тұлғаларға зиян тигізуі әбден мүмкін әрі адамдардың көкейінде діни қайраткерлер туралы теріс ой қалдырып қояды.
Ендеше, бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қараған жөн, себебі қазіргі таңдағы фильмдер адамдардың көзқарасына қатты әсер етеді және қоғамдық пікірдің қалыптасуына септігін тигізеді.