Спорлотодан ұтып алған ақшамды қайырымдылыққа жұмсауыма не болмаса құрбандыққа соятын малды сатып алуыма бола ма?
Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан:
يَسْأَلُونَكَ عَنِ الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ قُلْ فِيهِمَا إِثْمٌ كَبِيرٌ وَمَنَافِعُ لِلنَّاسِ وَإِثْمُهُمَا أَكْبَرُ مِن نَّفْعِهِمَا
«(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен арақтан, құмардан сұрайды. Оларға: «Екеуінде де зор күнә бар. Адамға пайдасы бола тұра, пайдасынан көрі күнәсы зорырақ» де» (2:219).
Осы аятқа сай құмар ойындары тыйым салынған болып табылады. Спортлото, лотерея, ұтыс және осыларға ұқсас басқа да ойындар құмар ойындары болып табылады, ендеше, ислам дініміз бойынша рұқсат етілмейді. Мұндай ойындар ислам діні келгенге дейінгі кезеңдегі арабтардың арасында кеңінен таралған болған, мысалы үшін садақтың жебелері нақты бір белгілермен белгіленіп, кейін сол белгілерге сәйкес жебенің иесі ұтысты алатын болған.
Жоғарыда айтылғандарды тілге тиек ете отырып айтарымыз, құмар ойындарынан, атап айтқанда, спортлотодан, ұтып алынған қаражат харам, яғни рұқсат етілмеген болып саналады. Сол себепті мұндай ақшаны игі істерге жұмсауға немесе құрбандыққа шалатын малды сатып алуға рұқсат етілмеген болып саналады.