Көзі тірісінде ішімдік ішіп, намаз оқымаған жанға Құран бағыштап, сауабы сол марқұмға болсын деп зікір айтып, садақа бергенімізден пайда бар ма?
Әлбетте, тірісінде ораза ұстамай, намаз оқымай, ішімдік ішіп, ұрлық жасап және тағы да басқа жаман амалдармен айналысуға болмайды, ал сол адамдар бақилық болған соң артында қалғандары садақа беріп, Құран бағыштап, дұға жасаумен олардың күнәларын жуып-шайып алады деп үміттену дұрыс емес.
Алайда адам жасаған күнәлары үшін тәубесіне келе алмай көз жұмып кетсе, онда оның жаны жай тапсын деп садақа беріп, Құран бағыштауға болады.
Қысқаша айтар болсақ, мүмін бола тұра күнәһар болған жан үшін де дұға жасалып, садақа беруге тыйым салынбаған. Керісінше, мұндай жандар үшін Алла Тағаладан олардың күнәларына жарылқау тілеп, жоғарыда айтылған амалдарды көбірек жасаған абзал, өйткені өзге жандарға қарағанда мұндай марқұмдар аталмыш амалдарға мұқтаж болады.
Алайда садақа берердің алдында марқұмның оқылмай қалған парыз намаздары мен ұсталмай қалған оразасының қарыздарын қайтару қажет.
Бұған қажетті қаражатты марқұмның артында қалған мал-мүлкінен алу керек. Сондай-ақ, көзі тірісінде марқұмның жағдайы бола тұра қажылыққа бармаса немесе қолда бар мал-мүлкінен зекет бермеген болса, онда, ең алдымен, бақилық болған жанның осы қарыздарын қайтару керек.