Сұрақ: Адам баласы айтқан қарғысы үшін жауап бере ме?
Жауап:
Бәддуа – өзге бір жанға бәле, бақытсыздық тілеу, мұндай дұға адамға еш хайыр-береке әкелмейді. Қарапайым сөзбен айтсақ, бір адамның екінші бір адамға жамандық тілеп айтқан дұғасын Алла Тағала бірден қабылдап қоюы мүмкін.
Біздің асыл дініміз Ислам өз-өзін немесе басқа адамдарды қарғауға тыйым салатынын ескере кеткен жөн. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Еш уақытта өзіңді, мал-мүлкіңді, үрім бұтағыңды қарғаушы болма; дұғалар мүлтіксіз қабыл болатын кезге дәл келіп қалса, сенің де бәддуаң қабыл болып кетеді», - деп бұйырған (Мүслим, Зухд 74; Әбу Дәуд, «Үтір» 27).
Алла Тағалаға тәуекел етіп, әлдебір адамдардың амалдарына деген төрелікті Жаратушыға қалдырып отыру, пендені жауапкершіліктен босатып отыратын құбылыс. Алайда егер адам баласы біреуді қарғап қойса немесе лайықсыз сөздер айтып қойса – бұл мүлде бөлек жайт. Бұл жайғдайда адам айтқан сөздеріне, қарғысына жауап бермейді деп айту қиын.
Әлдебір адамға қатысты Аллаға тәуекел ету арқылы біз әлгі адамды Аллаға тапсырып қоямыз, алайда бұл анағұрлым дұрыс шешім болып табылады, өйткені Алла Елшісі (ﷺ) өзгелер тарапынан қаншама қысымшылық, жәбір көріп жүргеніне қарамастан, ол (ﷺ) ешқашан Алла Тағаладан қарсыластарын жәбірлеуді, жазалауды, тіпті жердің бетінен жоқ етіп жіберуді сұраған емес. Пайғамбарымыз (ﷺ) тек Аллаға тәуекел етіп, әлдебір жағдайға қатысты оң шешімді сұрайтын болған.
Ең басты айта кететін жайт, адамның қаны басына теуіп, ашуланып тұрған кезде басқа адамға қаратып айтқан қарғыстары қабыл болып, орындалып кетуі мүмкін, тіпті қарғыс айтылған адам әлгі қарғысқа лайық болмаса да. Немесе қарғыс бағытталған адам келешекте өзгеріп, амалдары жақсарған мүлде басқа адам болып кетуі әдбен мүмкін ғой...
Бұған бір жақсы мысалды келтіруге болады. Алла Елшісі (ﷺ) мәртебелі Омардың (р.а.) Усайдқа (өзге бір риуаяттарда Асидаға) бәддуа айтуына тыйым салған. Сонда біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ): «Уақыты келгенде ол сондай жерде, сондай сөздер айтады, сол кезде сен оған разы боласың!» - деп айтқан. Кейін келе жағдай Пайғамбарымыздың (ﷺ) айтқанындай болып шыққан.
Адам баласы өз болмысының мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан барлық нәрсені біле бермейді, ал кейде, әсіресе, ашудың асау тұлпарын ерттеп мініп алған пенде мәселені әділдікпен шеше алмай қалады. Алла Тағала Қасиетті Құранның мына бір аятында былай айтқан:
«...Алла біледі. Сендер білмейсіңдер» (24:19).
Кез-келген жағдайда жасап жатқан әрекеттеріңіз бен аузыңыздан шыққан сөздеріңізге ие болып, есеп беріп отырғаныңыз жөн, әсіресе, Алла Тағалаға сиынып, дұға жасау барысында. Негізінде, иісі мұсылман баласы ешқашан шектен шықпайтынын есіңізде ұстағаныңыз абзал.
asyldin.kz