Сұрақ: Менің үйлену тойымды жасаймын деп қарызға белшесінен батқан әкеме зекетімді беруіме бола ма?
Жауап: Ислам діні бойынша, адам баласы зекетін балаларына, немерелеріне, ата-анасына, сондай-ақ, апа-атасына бере алмайды, алайда мұқтаж болып жүрген ағасы мен жеңгесіне немесе бауыры мен келініне бере алады.
Ендеше, сіздің әке-шешеңіз бауырыңыздың қолында тұратын болса әрі бауырыңыз зекет төленетін мұқтаж жандар санатына жататын болса, онда сіз бауырыңызға зекетіңізді беруіңізге болады, осылайша, сіз әкеңізге де көмектесе аласыз.
Өз жақындарыңыз бен туыстарыңызға зекет немесе садақа беру анағұрлым жақсы амал болып саналады. Алла Елшісі (ﷺ) айтқандай, мұндай адамдар бір сауаптың орнына екі сауап алады. Бірінші сауап – садақа бергені үшін, ал екінші сауап – жақындары мен туыстарына көмектескені үшін.
Ал егер сіздің мұқтаж бауырыңыз болмаса, онда зекет төленетін мұқтаж жандар қатарына жататын туыстарыңызға зекетіңізді беруіңізге болады. Ал сіздің жағдайыңызға келер болақ, әкеңізге материалды түрде көмектесе аласыз әрі бұл сіздің садақаңыз болады және де Алла Тағаланың мейірімінің арқасында екі есе сауап аласыз, өйткені сіз тек қана садақа беріп қойған жоқсыз, сонымен қатар, әкеңізге көмектестіңіз.
Тағы бір айта кететін жайт – ата-анаңызды күтіп-бағуыңыз сіздің ұл ретіндегі тікелей міндетіңіз болып табылатындығын есіңізден шығармаңыз. Сол себепті шамаңыз келгенше әкеңіздің қарыздарын төлеуге көмектесуіңіз тиіс, тіпті оның қарыздары тікелей сізге, сіздің үйлену тойыңызға қатысы болмаған күннің өзінде ата-анаңызға барынша қолыңыздан келген көмегіңізді аямағаныңыз абзал.
asyldin.kz