Сұрақ: Сүннет бойынша сақинаны қай саусаққа таққан жөн?
Жауап: Бұл мәселе төңірегінде бірнеше риуаяттар келтірілген. Мысалы үшін: «Бірде Алла Елшісі (ﷺ) қара тасы бар жүзіктің тасын алақанына қаратып оң қолына таққан» (Бұхари, Либас 46-55; Мүслим, Масаджид 222)
Мәртебелі Әли де (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) жүзікті оң қолына тағып жүргендігін келтірген (Әбу Дәуд, Хатим 5; Насаи, Зинет 49).
Алайда жүзікті тек оң қолға емес, сондай-ақ, сол қолға тағылғандығына куә болғандар да бар. Мысалы, Жафар бин Мұхаммед өз әкесінен мәртебелі Хасан мен Хүсейіннің (р.а.) жүзікті сол қолдарына таққандарын келтірген (Тирмизи, Либас 16).
Ибн Омар (р.а.) былай келтірген: «Алла Елшісі (ﷺ) жүзіктің тасын алақанына қаратып сол қолына тағып жүретін». Бұл хадистің жалғасында Ибн Омардың өзі де (р.а.) жүзікті дәл осылай таққандығы айтылған (Әбу Дәуд, Хатам 5).
Сондай-ақ, жүзікті сұқ және ортаңғы саусаққа тағуға болмайтындығын көрсететін риуаяттар да бар. Ал ғалымдар сақина немесе жүзікті сол қолға да, оң қолға да тағуға болады деген ортақ пікірге келген. Алайда біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) жүзікті оң қолына таққандығын көрсететін риуаяттар көптеп келтірілген.
Өз кезегінде Ибн Хажар: «Егер жүзік әшекей ретінде тағылатын болса, онда оны оң қолға таққан жөн, ал егер бұрындары кеңінен таралған мөр ретінде болса, онда сол қолға тағылғаны абзал», - деп келтірген.
Сонымен қатар, ер адамдарға жүзікті немесе сақинаны шынашаққа да тағу рұқсат етілген деп есептелінеді.
asyldin.kz