Сұрақ: Қасиетті деп саналатын жерлерден топырақ пен тастар алуға бола ма?
Жауап: Меккені жаулап алған күні Ибн Аббас (р.а) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген:
«Меккені жаулап алғаннан бастап хижра жоқ. Тек Алла жолындағы ыждаһат пен ынта ғана бар. Сондықтан сендерді ту астына жиналуға үндегенде бірден жиналыңдар!». Содан кейін Алла Елшісі (ﷺ) сөзін былай жалғастырған: «Алла көктер мен жерді жаратқан сәттен бастап бұл жерді қасиетті еткен. Заманның ақырына дейін бұл жер Алланың қасиетті жері болып табылады. Маған дейін бұл жерде ешкімге қан төгуге рұқсат етілмеген. Ал мағанда күннің біраз бөлігіне ғана рұқсат етілген. Бұл жерді Алла Қиямет күніне дейін қасиетті етті. Кімде-кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, бұл жерде қан төгуге рұқсат етілмеген. Бұдан бөлек, осы жерде өсіп тұрған тікенекті де жұлуға болмайды. Бұл жерде өмір сүретін жануарларды аулауға, табылған мүлікті жинап алуға және өсіп тұрған шөбін шабуға болмайды».
Сонда Ибн Аббас (р.а.): «Уа, Алла Елшісі! Изхир шөбінен басқасы болсыншы», - деп саңқ ете қалады. Оған жауап ретінде Алла Елшісі (ﷺ): «Изхир шөбінен басқасы», - деген екен (Бұхари).
Имам Шафиғи (оған Алланың рақымы болсын) бұл жердегі ағаштарды кесу - жазаға тартылуды талап етеді деген. Ал имам Әбу Ханифа (оған Алланың рақымы болсын) былай айтқан: «Бұл жағдайда адам соның құнын төлеуі керек».
Ал қасиетті жерлерден әкелінген Зәм-зәм суы мен құрмаларда тұрған еш әбестік жоқ, алайда топырақ пен тастарды әкелуге тыйым салынған болып саналады.
Жоғарыда келтірілген хадисте айтылғандай, Алла Тағала бұл жерді Қиямет күніне дейін қасиетті еткен, тіпті онда өсіп тұрған тікенектерге дейін жұлуға тыйым салынған болып есептелінеді. Сол жердегі тастарды да Алла Тағала қасиетті етті. Оларды алу — киелі дүниелерге құрмет көрсетпегендік пен көргенсіздік болып табылады. Сондықтан, сөзсіз, өрескел әрекеттер Алла Тағаланың разылығын тудырмайтын дүниелер болып табылады.
asyldin.kz