Сұрақ: Бір алынған дәретпен неше рет намаз оқуға болады?
Жауап: Дәреті бұзылмаған жағдайда адам қанша намаз оқығысы келсе, сонша намазын оқи алады, алайда әр намаздың алдында дәретті қайтадан алып отыру сүннет болып табылады.
Сүлеймен ибн Бурайд келтірген хадисте былай айтылған: «Меккені алған күні Алла Елшісі (ﷺ) бір дәретпен барлық намаздарын оқыған. Омар (р.а.) Алла Елшісіне (ﷺ): «Уа, Алла Елшісі! Сен бүгін осы күнге дейін жасамаған нәрсені жасадың ғой», - деп айтады. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Әй, Омар! Мен мұны әдейі жасадым», - деп жауап берген екен (Мүслім).
Бұл хадис бір алынған дәретпен парыз және қосымша намаздарды да оқуға болады дегеннің дәлелі болып табылады.
Ал Омардың (р.а.) « Сен бүгін осы күнге дейін жасамаған нәрсені жасадың ғой» дегені, Алла Елшісінің (ﷺ) осы жағдайда артық көрген ұнамды әрекетінен бас тартқанын және әдетте Пайғамбарымыздың (ﷺ) әр намаздың алдында дәрет алып отырғандығын көрсетеді. Ал Алла Елшісінің (ﷺ): «Мен мұны әдейі жасадым» деген сөзі мұның нақты дәлелі.
asyldin.kz