Сұрақ: Менің әйлімнің резус-факторы теріс қанды. Аяғы ауыр жүргенде оның ағзасында антиденелер пайда бола бастайды, алайда бірінші баламызда бәрі жақсы болған. Сол антиденелердің салдарынан біздің сәбилеріміз жарық дүниеге келмей жатып шетінеп кетеді. Алла адамдарды әр түрлі қан топтарымен жаратқан. Алла Тағала шексіз Дана әрі ешқашан қателеспейді. Алайда Жаратушының осы бір сынағын қалай түсінуге болады?
Жауап: Құдіреті күшті Алла Тағала түрлі халықтар мен әртүрлі адамдарды жаратқан. Біздің теріміздің, көзіміздің, шашымыздың түсі, сондай-ақ, қан топтарымыз да әртүрлі. Шүбәсіз, мұның бәрінде біздің Жаратушымыздың ұлы даналығы бар. Кейде бұл даналықты біз дұрыс түсіне алмай жатамыз, өмірлік қиыншылықтар мен ауыртпашылықтарды адамдар түгелдей дұрыс қабылдай алмайды.
Ал енді сіздің мәселеңізге келер болсақ, оны тек ғылыми көзқарас турасынан ғана емес, сондай-ақ, дін тұрғысынан да қарастыру жөн болар: қан топтарының әртүрлі болуы әрқашан жаман немесе теріс бола бере ме? Құрсақта жатқан сәбиіңіздің шетінеуі сіз үшін де, сол нәрестеңіз үшін де қайырлы болған шығар деп ойламайсыз ба? Сәбилеріңіз дүниеге келген жағдайда олардың немесе өздеріңіздің тағдырларыңыз қалай болары беймәлім ғой. Бұл тек Алла Тағалаға ғана аян. Бәлкім, Жаратушы осылайша сіздерді қорғап қалған шығар.
Құрсақтағы сәбиінен айырылған келіншектер Алла Тағалаға көбірек сиынып, жиі дұға жасап, өмірдің мәні туралы ойланып, басқа жағдайда қолы жете бермейтін рухани дәрежеге қол жеткізетін болады.
Өзімізге әлдебір нәрсе ауадай қажет болғанда анағұрлым шынайы түрде дұға жасап, намаздарымызды оқи бастайтынымыз рас қой? Дүние есігін ашпай жатып шетінеп кеткен нәрестенің анасы осы қасіретінің арқасында Алла Тағалаға бір табан болса да жақындап, Жаратушымыздың ең сүйікті құлдарының біріне айналуы да мүмкін.
Адам баласына ненің қайырлы, ненің зиянды екенін білу бізге бұйырмаған. Дені сау әйел дәл осы жағдайдың құндылығын түсіне алар ма екен?
Алла Тағала Қасиеті Құранда былай айтқан:
«…сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген қайыр жасап қойған болуы мүмкін» (4:19).
«Бір жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін. Алла (Т.) біледі, сендер білмейсіңдер» (2:216).
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әрбір жағдай мен Алланың жаратқандарында біздің миымызға кіріп шықпайтын бір емес жүз мыңдаған даналықтар болуы мүмкін. Өйткені қанша оғаш болып, құлаққа түрпідей болып естілгенімен де ауырсыну да Алла Тағаланың мейірімі болып табылады әрі ағзада бір нәресенің бұрыс екенін және оны емдеп бастау керектігін көрсетеді. Егер адам басына түскен осынау қиыншылықтарды дұрыс түсінетін болса, ол тән саулығымен бірге рухани саулыққа да қол жеткізеді.
Енді сіздің жағдайыңызға қайтып оралар болсақ, Аллаға шүкір, сіздің бір балаңыз бар, сол балаңызды жақсы, тәрбиелі, бастысы, дін аясында келешекте сіз үшін дұға жасап, сізге жан-тәнімен қамқор болар жан етіп тәрбиелеуіңізге мүмкіндігіңіз бар. Қамшының сабындай қысқа бұл дүние уақытпен шектелген, алайда, мәңгілік өмір – ақирет - шексіз. Ал адам баласы табиғатынан жалған дүниеге көп көңіл аударатын болып келеді әрі Алла Тағаланың даналығына көз жеткізіп, түсіне алмайды. Бәлкім осы себепті де ақиретте Алланың Мейіріміне ұмтылып, Жұмақ тыныштығына кенелту үшін Жаратушы пендесінің басына неше түрлі уайым-қайғыларды жіберіп отыратын шығар…
asyldin.kz