Сұрақ: Сүре атаулары әу бастан белгілі болды ма?
Жауап: Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ) Құран Кәрім алғаш түсе бастағаннан сүрелердің атаулар болды. Оған Мекке кезеңіндегі сахабалардың сүрелерді атауларымен атауы дәлел болады. Мысалы, сира[1] және тарих кітаптарында пайғамбарлықтың[2] жетінші жылы Эфиопияға қоныс аударған бірнеше мұсылмандарды Меккеге қайтару үшін құрайыш тайпасының басшылары Эфиопия патшасына арнайы адамдар жібереді. Олар Нәжәщиге[3] мұсылмандарды жамандайды және «олар Мәриям мен Иса туралы жалған сөйлеп жүр» деп жала жабады. Сонда мұсылмандардың өкілі Жағфар ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын) "Мариям" сүресіндегі Иса пайғамбар туралы айтылған аяттарды оқып берген.[4] Бұл оқиғадан сол кездің өзінде сүрелердің атаулары бар болғандығын көреміз. Сүре атауларын бізге кімнен жеткеніне байланысты үшке бөлуге болады. Олар:
1. Алла елшісінен(ﷺ)жеткен сүре атаулары. Көптеген хадистерде Алла елшісінің (ﷺ) өзі кейбір сүрелерді аттарымен атағандығы риуаят етілген. Мысалы: Әбу Умәмә әл-Бәһили (Алла оған разы болсын): "Алла елшісінің (ﷺ): "Құран оқыңдар, өйткені ол қиямет күні өз иелеріне[5] шапағатшы болып келеді. Екі Заһраны: "Бақара" мен "Әлі Имран" сүрелерін оқыңдар...", – дегенін естідім", – деген.[6] Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (ﷺ): "Умму Құран – әс-Сабғ әл-мәсәни және ұлы Құран"[7], – деген.[8] Алла елшісі (ﷺ): "Әр нәрсенің жүрегі бар. Құранның жүрегі – "ЙәСин" сүресі", – деген.[9]
2. Сахабалардан (Алла оларға разы болсын) жеткен сүре атаулары. Мысалы, Сағид ибн Жубәйр (Алла оларға разы болсын): "Ибн Аббасқа: "Хашр" сүресі", – дедім. Ол (Ибн Аббас): ""Бәну надир" сүресі де", – деді", – деген.[10] Бұл хадисте Абдуллаһ ибн Аббастың (Алла әкесі екеуіне разы болсын) "Хашр" сүресін "Бәну надир" деп атағандығы айтылған.
3. Сахабалардан кейін келген ғалымдардан жеткен сүре атаулары. Ғалымдардан жеткен көптеген сүре атаулары сүренің бас жағындағы сөзбен аталады. Мысалы, "Ләм йәкун" сүресі, "Тариқ" сүресі. Сүрелердің атауларына қатысты қосымша мәліметтер:
1. Кейде бір сүренің бірнеше атаулары болады. Мысалы, "Фатиха" сүресінің "әс-Сабғ әл-мәсәни", "Умму әл-Құран" деген аттары, "Әнфәл" сүресінің "Бәдр" деген аты, "Ықылас" сүресінің "Қул һуа Аллау әхәд" деген аты бар.
2. Кейде екі сүренің ортақ аты болады. Мысалы, "Бақара" мен "Әлі Имран" сүрелері "Заһрауани"[11] деп аталады, "Фәләқ" сүресі мен "Нас" сүрелері "Муғаууизатайн"[12] деп аталады.
3. Көп жағдайда сүре атауы ретінде оның бірінші аятында келген алғашқы сөз немесе бірінші аяттағы сөздің морфологиялық өзгерген түрі таңдалады. Мысалы, "Мужәдәлә" сүресі, "ЙәСин" сүресі. Ал кейде сол сүреде қамтылған қиссаға немесе тақырыпқа қатысты сөз таңдалады. Мысалы, "Нәмл" сүресі мен "Ниса" сүресі.
[1]Сира – Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) өмірбаяны.
[2]Яғни Мұхаммедке пайғамбарлық келгеннен бастағанда.
[3]Нәжәщи – Эфиопия патшасы.
[4]Маруан Шейх әл-Ард. Әс-Сира ән-нәбәуия әл-усус әд-дағауия уа әл-хадария. – Дамаск, әл-Матбаға әт-тағауния. 2003. 222-бет.
[5]Яғни бұл дүниеде оны оқығандарға. [6]Имам Муслим риуаят еткен.
[7]"Фатиха" сүресі "Умму Құран" деп те аталады. Бұл сүрені Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) осы хадисте "әс-Сабғ әл-мәсәни" деп те атаған.
[8]Имам әл-Бұхари риуаят еткен.
[9]Имам әд-Дарими Әнәс ибн Мәликтен риуаят еткен.
[10]Имам әл-Бұхари риуаят еткен.
[11]Екі гүл.
[12]Екі сақтандырушы