Сұрақ: Біздің имамдарымыз өз уағыздарында некесіз туған балаларда береке, қайыр болмайды әрі олардан жақсы адамдар шыға қоймайды деп жиі айтады. Мен шариғи некесіз, тіпті ресми некесіз де дүниеге келген жанмын. Өзіме мұсылман есімін алғым келеді. Бұл жағдайда не істеуім керек?
Жауап:
Негізі, некесіз туған балалар туралы айтылған хадистер көптеп келтірілген, мұндай балалардың дүниеге келуі еркек пен әйелдің арасындағы тыйым салынған қарым-қатынас салдарынан болғандықтан, бұл балалар лайықты тәрбие алмай, көп жағдайда өнегесіз болып өседі. Мұндай балалардың бұлай болып өскеніне олар емес, олардың ата-анасы кінәлы болады.
Дегенмен, Ислам – әділдік діні және біздің асыл дініміз адамдарды шыққан тегі мен әлеуметтік мәртебесіне қарап сынға алмайды. Ислам тарихында некесіз туған балалардың өздерінің жеке бас қасиеттерінің арқасында жақсы адам болып өскендігінің көптеген үлгілері бар, ондай адамдар өздерінің шығу тегіне қарамастан елге сыйлы және өз уақытындағы қауымның көшбасшылары бола білген. Ендеше, келешекте қандай адам болып шығатыны оның шығу тегіне емес, көп жағдайда оның жеке басының қасиеттеріне байланысты.
Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан:
ليس على ولد الزنا من وزر أبيه شيء قال الله عز وجل ولا تزر وازرة وزر أخرى
«Некесіз туған бала ата-анасының күнәсі үшін жазаға тартылмайды, өйткені Алла Тағала былай айтқан: «Ешбір күнәһар, басқаның күнәсын көтермейді» (35:18) (Мустадрак Хаким, шынайылығын Захаби дәлелдеген, хадис 7053).
Бұған қосымша үлкен ғұламалардың үкімдер жинағында былай айтылған:
وولد الزنا إن آمن وعمل صالحا دخل الجنة، وإلا جوزي بعمله كما يجازى غيره، والجزاء على الأعمال لا على النسب. وإنما يذم ولد الزنا، لأنه مظنة أن يعمل عملا خبيثا كما يقع كثيرا كما تحمد الأنساب الفاضلة لأنها مظنة عمل الخير، فأما إذا ظهر العمل فالجزاء عليه، وأكرم الخلق عند الله أتقاهم
«Аллаға иман келтірген және жақсы амалдар жасайтын некесіз туған бала Жұмаққа кіреді, ин ша Алла. Әйтпегенде, ол басқа адамдар сияқты өзінің жаман амалдары үшін жауап беретін болады. Сауап адамның шығу тегіне емес, оның амалдарына негізделеді. Некесіз туған балаға нашар қарым-қатынаста болудың жалғыз бір себебі - оның шығу тегіне байланысты жақсы тәрбие алмауынан. Бірақ, ең бастысы, адам жасаған амалдары үшін жауапқа тартылады, Алла Тағала алдында ең игі жақсысы – ең тақуалары».
Жоғарыда келтірілген мәтіннен көріп отырғанымыздай, Исламда некесіз туғаныңызға қарап сіздің жеке басыңызға қатысты ешбір кемсітушілік болмауы керек. Алла Тағала сіздің шығу тегіңізге емес, тақуалығыңызға қарайды, сіз бен басқа мұсылмандардың арасында еш айырмашылық жоқ, айырмашылық тек жақсы мінез-құлық пен тақуалықта ғана жатыр. Ал енді сіздің сұрағыңызға келер болсақ, сіз өзіңізге жақсы бір мұсылман есімін ала аласыз. Алла сізге жар болсын! Әмин.
Алла жақсы біледі.
asyldin.kz