Ассаламу алейкум! Дәрет алу барысында «бисмиллә» айту қандай амалға жатады? Дәрет дұрыс болуы үшін «бисмиллаһир Рахманир Рахим» деп айту шарт па?
Уа алейкум ассалам!
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Дәреті жоқтың – намазы жоқ, ал Алла атын айтпағанның – дәреті жоқ[1]», – делінген. Сондай-ақ, Әбу Сағид (р.а.) жеткізген хадисте де: «Алла есімін айтпағанның дәреті жоқ[2]», – деп айтылған. Осы хадистер негізінде, Ханбали мазхабында дәретте «бисмиллә» деп айту шарт.
Ал, ханафи мазхабы бойынша дәретте «бисмиллә» айту – сүннет. Бұған негіз ретінде, Әли бин Яхия бин Халлад (р.а.) риуаят еткен хадис келтіріледі. Аталмыш хадисте намазын дұрыс оқи алмаған кісіге Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Намазға тұрсаң, Алла әмір еткендей етіп дәрет ал[3]»,-дейді. Ал, Құрандағы дәрет алуға қатысты аятта «бисмиллә» көрсетілмеген.
Жоғарыдағы хадистің өзіне келетін болсақ, «бисмиллә» айтпау дәреттің дұрыстығына кедергі емес, кемел болмауына себеп ретінде айтылуда. Өйткені, осы мағыналас хадисте: «Мешітке көрші адамның тек мешітте намазы дұрыс[4]», – делінген. Бұл мешітке көрші тұратын адамның мешітте намаз оқуы абзал екендігін көрсетеді.
Демек, дәретті «бисмилләмен» бастау – сүннет. Оның абзалдығы жайында: «Кімде-кім дәрет алғанда Алланың есімін айтса, денесі тұтастай тазарады. Ал, дәрет алғанда Алла есімін айтпаса, тек жуған дене мүшесі ғана тазарады[5]», – деген хадис бар.