Күнә жасамау мақсатында немесе басқа біреудің күнә жасап қоймауы үшін өтірік айтуға бола ма?
Жауап:Біздің асыл дінімізде өтірік барлық зұлымдықтың негізі болып саналады, сол себепті де өтірік айтуға үзілді-кесілді тыйым салынған. Алайда кейбір жағдайда өтірік айтуға болады. Қандай жағдайларда өтірік айтуға болады? Исламда 5 жағдайда өтірік айтуға рұқсат берілген. Төменде өтірік айтуға рұқсат етілген жағдайларды келтіреміз:
1) Әскери қулық:
Риуаяттардың бірінде былай келтірілген: Күндердің күнінде жалғыз отырған Әлиге (р.а.) қолында семсері бар бір дұшпан келіп: «Ал, қазір сені менен кім құтқарады?» - деп сұрайды. Әли (р.а.) әлгі адамның арт жағына көрсетіп: «Сенің артыңда тұрған», - дейді. Дұшпан артына жалт бұрылғанда, Әли (р.а.) оны бас салып, қарусыздандырады. Жерде отырған әлгі адам: «Сен мені алдап қойдың», - деп айтады. Оған жауап ретінде Әли (р.а.): «Соғыс – бұл қулық» деген хадисті келтірген екен (Ибн Сунни).
2) Екі мұсылманды татуластыру үшін:
Мұсылман өз бауырына үш күннен артық ренжіп жүру күнә болып саналады. Сол себепті ұрсысып қалған екі адамды татуластыру үшін өтірік айтуға рұқсат етілген болып есептеледі. Бұл жөнінде хадистерде былай айтылған:
«Нәпіл намаз оқу мен нәпіл ораза ұстаудан гөрі екі адамды татуластыру анағұрлым жақсы» (Тирмизи).
«Екі адамды татуластыру үшін немесе игі іс үшін айтылған өтірік – өтірік болып саналмайды» (Мүслим).
3) Екі мұсылманның жанжалдасып қалмауы үшін:
Екі мұсылманның жанжалдасуының алдын-алу үшін өтірік айту күнә болып табылмайды. Бүліктің себебіне айналатын шындықтан гөрі жақсылықтың нышанына айналатын өтірік жақсырақ болады.
4) Зұлымдардан мұсылмандардың тұрған жерін жасыру үшін.
5) Мұсылманның мүлкіне қылмыскерлердің қол сұғушылығынан сақтап қалу үшін.
asyldin.kz