Жануарларды піштіруге бола ма?
Сұрақ: Жануарларды піштіруге бола ма?
Жауап: Піштіру, тарттыру – жануарлардың жыныс бездерін алып тастау немесе аталық жануарлардың жыныстық қызметін тоқтату мақсатында олардың тұқым шашу қабілетін бұзу. Адамдар сияқты жануарлар әлемі де өсіп-өнуге және тұқымын жалғастыруға құқығы бар. Жан-жануарларды ас-сумен қамтамасыз етуді тоқтатпайтынымыз сияқты олардың жыныстық қажеттілігін де қамтамасыз етіп отыруға тиіспіз.
Шариғат заңдарына сай қажетті себептер болмайынша, жануарларды піштіруге жол берілмейді. Дегенмен, қажетті заңды себептер болғанда, мысалы үшін, қоғамның игілігі үшін үй жануарларына ұрықтануға қарсы дәрілер қолдануға жол беріледі әрі қаңғыбас ит, мысық және басқа да жануарлардың өсіп-өнуін бақылауда ұстау үшін оларды піштіруге болады, тек экологиялық теңгерімнің бұзылуып кетпеуін ескеру қажет (Фатауа Хиндия, V, 357).
Сондай-ақ, діни көзқарас турасынан, жануарлардың физикалық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында, тұқымы мен етін жақсартуда кейбір жануарларды, дәлірегінде, тайынша мен қойларды піштіріп отыру рұқсат етілген болып саналады (Мергинани, әл-Хидая, IV, 95; Бурханеддин Мазе, әл-Мухитул-Бурхани, V, 244).
asyldin.kz