Менің бір сұрағым бар — Исламда адам өмірінің мәні неде? (Самира)
Сұрақ: Менің бір сұрағым бар — Исламда адам өмірінің мәні неде? (Самира)
Жауап: Біріншіден, біздің Жаратушымыз – Алла Тағала екенін естен шығармай, жете түсінуіміз керек. Жаратушы Жалғыз Алла адам болмысын өте көркем түрде жаратып, біздің денемізді қалыптастырып, бізге көру, есту, сөйлеу және тағы да басқа әртүрлі ағзалар мен дене мүшелерімізді жоқтан бар етті.. Сондай-ақ, Алла Тағаланың жомарттығынан осы дүниеде Ол бізге қолжетімді еткен басқа да көптеген нығметтер арқылы рахатқа кенелуімізге қажетті әртүрлі атқарымдар мен мүмкіндіктерді сыйлаған. Егер Алланың осындай шексіз мейірімін ойласақ, Оған деген біздің сүйіспеншілігіміз артатын болады.
Мысалы үшін, көзімізді алып қарайықшы. Біздің көзіміз ерекше жаратылған, соның арқасында біз қоршаған ортаны көру мүмкіндігіне иеміз. Көз басқа жерге емес, беттің жоғары жағына орналасқандығында да Алла Тағаланың үлкен даналығы бар, өйткені көп нәрсені алыстан әрі жақсы көре аламыз. Сондай-ақ, көзіміз қабақпен қамтамасыз етілген, қабақ көзді шаң-тозаңнан сақтаса, ал жас бездері көзді кеуіп қалудан сақтайды. Ал бұл біздің денеміздің бір мүшесі ғана. Онда Алла Тағала бізге нәсіп еткен көптеген басқа ерекшеліктер туралы не айтуға болады? Егер біз Алла Тағаланың бізге сыйлаған дене мүшелері туралы пайымдауымызды жалғастыра берсек, Жаратушымзға деген біздің разылығымыз арта түседі.
Аллаға деген сүйіспеншілік пен разылық пайда болса, біз өміріміздің әрбір сәтін бағалап, Алланың разылығына қол жеткізу үшін өмір сүруге тырысатын боламыз. Егер адам басқа бір адамды жақсы көрсе, ол оны қуанту әрі оған жағымды нәрселер жасау үшін кез-келген мүмкіндікті іздейді. Егер біз шынайы түрде Алла Тағаланы сүйетін болсақ, Оның разылығын алу үшін жақсы амалдар жасауға әрбір мүмкіндікті пайдаланар едік.
Осы жөнінде Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» (51:56).
Сайид Махмуд әл-Алюси әл-Бағдад (ол кісіге Алланың рақымы болсын) бұл аяттағы «құлшылық» сөзінің мағынасы «танып білу» дегенді білдіреді деп айтқан. Демек, біздің өміріміздің мақсаты – Жаратушымыз Алла Тағаланы танып білуде әрі Оның қандай жомарт әрі қайырымды екенін жете түсінуде жатыр екен.
Осы дүниеде қалай өмір сүруіміз – біздің ақирет өміріміздің жағдайын анықтайды. Егер өмірімізді Алла разылығын алу үшін өткізсек, онда біз Жұмаққа кіру мүмкіндігіне қол жеткіземіз, ал егер, керісінше, бұл дүниеде Алла Тағала заңдарын елемейтін болсақ, онда ақиретте бізді қасірет күтетін болады. Алла жақсы біледі.
asyldin.kz