Сұрақ: Неге Алла құрбандыққа шалуға Ибраһимге (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) қойды түсірген? Неге түйені немесе бұқаны түсірмеген?
Жауап: Қолына пышақ пен арқанды алған Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Хажарға Алла разылығы үшін қойды құрбандыққа шалатындығын айтқан екен. Алла Тағала Досының айтқаны рас болуы үшін қойды түсірген немесе Ол кедей адамдардың түйені құрбандыққа шалуға қаражаты жетпей қала ма деген қауіптен осылай жасаған.
Жафар Садық (ол кісіге Алла разы болсын) Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Алладан не себепті Исмаилдың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) құрбандыққа шалынбағанын сұрағаны келтірген. Алла Тағала оның маңдайында Алла Сүйіктісінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нұры болғандықтан, Ол оны құрбандыққа шалдыртпаған. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Йа, Раббым! Маған сол пайғамбардың мәртебесін білдірші», - деп жалынады. Сонда Алла олардың арасындағы барлық пердені алып тастайды да Ибраһимге (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Мұхаммед Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен оның сахабаларының қандай жоғары дәрежелерге ие болатындығын көрсетеді әрі сол адамдардың бәрі оның ұрпағынан болатындығын жеткізеді. Солардың арасынан ол дін үшін азап шегуші дәрежесіне жеткен Хусейін хазіретті (ол кісіге Алла разы болсын) көреді. Имам Хусейін (ол кісіге Алла разы болсын) Алла Сүйіктісінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызының ұлы екендігін әрі мұндай құрметке қалай жеткенін білген Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Йа, Раббым! Мен Хусейінді Исмаилдан да артық жақсы көремін», - деп саңқ ете қалады. Сонда Алла Тағала: «Мен оны Исмаил үшін құрбандыққа шалдым», - дейді.
Бір риуаятқа сәйкес Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оған Алла түсірген қойды құрбандыққа шалып, ұлы екеуі оның бауырын қуырып жейді. Ал қойдың қалған етін адамдарға таратып, олар үйлеріне қарай жол тартады. Хажар есіктің алдында күйеуі мен ұлын күтіп тұрады. Үйдің қасында оларды күтіп тұрған анасын көрген Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) жылап жібереді. Анасы: «Ұлым менің, неге жылайсың?», - деп сұрайды. Ибрахим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) болған жайттың бәрін айтып береді. Хажар ұлын құшағына қысып, жылап тұрып, Аллаға шүкіршілік білдіреді.
"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан.