Қазіргі таңда қандай теріс әдеттер бар?
Қазақ салт-дәстүрлерінің дені шариғатқа қайшы келмейді. Бірақ қазіргі қоғамымызда мұсылманшылыққа жат кейбір әдетке айналған күнәлі істер кездеседі. Солардың бірнешеуіне тоқталайық.
Адасқандардың жолына ілесу
Қазіргі қазақ қоғамында кездесетін келеңсіз көріністердің бірі жат елдің тұрмыстық салттарын, мәдени құндылықтарын талғамсыз ала беру. Діні мен танымы мүлде басқа мұсылман емес халықтардың қаңсық болған дағды-ғұрыптарын, теріс қылықтарын таңсық көріп, салт-санаға енгізудің зардабы зор. Бұл бізді ұлттық болмысымыздан, мұсылмандық мінез-құлқымыздан ажырататын, құрдым апаратын жол. Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) үмбетіне осы жайында қатты ескерткен еді.
عَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «لَتَتَّبِعُنَّ سَنَنَ مَنْ قَبْلَكُمْ شِبْرًا بِشِبْرٍ وَذِرَاعًا بِذِرَاعٍ حَتَّى لَوْ سَلَكُوا جُحْرَ ضَبٍّ لَسَلَكْتُمُوهُ قُلْنَا يَا رَسُولَ اللَّهِ الْيَهُودَ وَالنَّصَارَى قَالَ: فَمَنْ». مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ.
Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Сендер өздеріңнен бұрынғылардың жолдарымен қарыстап, шынтақтап еретін боласыңдар. Тіпті, олар кесірткенің ініне кіріп кетсе, сендер де оған кіретін боласыңдар», – дейді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Олар яһудилер мен христиандар ма?» – деп сұрайды. Сонда Алланың Елшісі (с.а.с.): «Басқа кім болсын?» – деп жауап береді[1].
Харамға қол салу
Қоғамда кездесетін кейбір кең тараған әдеттер мұсылманшылыққа мүлде керағар келеді. Оларға ең алдымен арақ, сыра, есірткі сияқты харам нәрселерді тұтынуды, зинақорлық сияқты қатаң тыйым салынған күнәлі істерді үйреншікті әдетке айналдыруды жатқызуға болады.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «اِتَّقِ الْمَحَارِمَ تَكُنْ أَعْبَدَ النَّاسِ». رَوَاهُ أَحْمَدُ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Харам істерден сақтан, сонда адамдардың ішіндегі ең ғибадатшыл тақуасы боласың», – деген[2].
Өтірік айту
Адамдар арасында кең тараған жаман қылықтардың бірі жалған сөйлеу, жалған ант ішу. Бұл мұсылманшылыққа жат қылық. Шындық пен өтірік, иман мен күпірлік қатар жүрмейді.
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بنِ مَسعودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «عَلَيْكُمْ بِالصِّدْقِ فَإِنَّ الصِّدْقَ يَهْدِي إِلَى الْبِرِّ وَإِنَّ الْبِرَّ يَهْدِي إِلَى الْجَنَّةِ وَمَا يَزَالُ الرَّجُلُ يَصْدُقُ وَيَتَحَرَّى الصِّدْقَ حَتَّى يُكْتَبَ عِنْدَ اللَّهِ صِدِّيقًا وَإِيَّاكُمْ وَالْكَذِبَ فَإِنَّ الْكَذِبَ يَهْدِي إِلَى الْفُجُورِ وَإِنَّ الْفُجُورَ يَهْدِي إِلَى النَّارِ وَمَا يَزَالُ الرَّجُلُ يَكْذِبُ وَيَتَحَرَّى الْكَذِبَ حَتَّى يُكْتَبَ عِنْدَ اللَّهِ كَذَّابًا». مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ.
Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді:«Шындықты сөйлеңдер, шыншыл болыңдар! Расында, шындық ізгілікке апарады, ал ізгілік жұмаққа апарады. Бір адам шыншыл болып, тек шындық айтуды әдеттенеді де, ақырында Алланың алдында шыншыл болып жазылады. Ал өтіріктен сақ болыңдар! Расында, өтірік бұзықтыққа апарады. Бұзықтық болса, тозаққа апарады. Бір адам өтірік сөйлеп, өтірікке әдеттенеді де, ақырында Алланың алдында өтірікші болып жазылады»[3].
Жемқорлық, парақорлық
Бүгінде жемқорлық қоғамдық дертке айналды. Бұл келеңсіздіктің бірден-бір емі – имандылық. Ислам діні жемқорлықтың кез келген түріне қатаң тыйым салған.
لَعَنَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الرَّاشِيَ وَالْمُرْتَشِيَ. رَوَاهُ أَبُو دَاودَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Дәуіттен жеткен риуаятта Алланың Елшісінің (с.а.с.) пара беруші мен пара алушыға лағынет айтқан.
Парақорлық адамдар арасында ескіден келе жатқан мерез. Мысалы, ақын Шортанбай Қанайұлы (1808-1881) да өз заманындағы би-болыстарды жемқорлықтан сақтандырған екен. Оның өлең жолдарымен жеткізген мына насихаты әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.
Билер, пара жемеңдер,
Жанға бейнет кезбеңдер.
Кісі хақын алмаңдар,
Аузыңа пара салмаңдар.
Дүние жинап өткен жоқ,
Бізден бұрынғы Пайғамбар.
Сөз айтайын, үлкендер,
Құдайдан ғапіл өтпеңдер.
Әлің келсе, Мекке бар,
Артық дәулет біткендер!
Ысырапшылдық
Халық арасында кең тараған жағымсыз әдеттердің бірі – ысырапшылдық. Оны, тіпті, ұлттық әдетке айналып бара жатыр десек де болады. Той-томалақ, іс-шара өткізгенде бай, кедей екендігіне қарамастан, барынша шашылу, ас та төк ысырапшылдыққа жол беру басымдық алып барады. Дәулетті болса, бірнеше миллиондарды сарп ету, ал кедей болса, несие алып, ұлан-асыр той өткізуге тыраштану жазылмаған заңдылыққа айналғандай. Мұндай төгілудің артында адамдардың қаңқу сөздерінен қорқу, пәленшеден кем болмауым керек деген сияқты жалған намыс жатыр. Демек, барлығы рияшылдық, мақтанышқа негізделген іс-әрекеттер. Ал рияның өзі күнә, өзгелер көрсін, мақтасын деген ниетпен жасалған істер жақсылыққа жатпайды.
Ысырапшылдықтың басқа да түрлері бар. Мысалы, кейбір адамдар Жаратушының өздеріне берген ризық-несібелеріне шүкіршілік ету былай тұрсын, оларды қалай болса солай пайдаланып, арам жолдарға сарп етеді. Мал-мүлікті, ақшаны жаман жолдарға, Алла Тағала тыйым салған құмар ойындарға, арам істерге, араққа, темекіге жұмсап ысырап қылады. Өлгендері үшін де шектен тыс мал шашып ас беріп, керемет мазарлар тұрғызып әуреленеді. Кейбіреулер өз басында үй, көлік болса да, дүниеге көзі тоймай, ішінде адам тұрмайтын зәулім сарайлар, мінілмейтін су жаңа көліктер сатып алып та ысырап қылады. Бұл тұрғыда хакім Абайдың халқына айтқан өсиеті әлі де өзектілігін жойған жоқ. Пенденің түбіне жететін теріс сипаттардың қатарында ысырапшылдықты да қосқан ақын былай дейді:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз!
Негізінде, «ысырап» сөзі араб тіліндегі إسراف исраф деген сөзден шыққан. Бұл сөз шектен шығу, малын пайдалануда, сөз сөйлегенде шектен асып, ысырап ету деген мағынаны білдіреді. Ал шариғат ғалымдарының түсіндіруінше, ысырап ету мал-мүлікті, ақшаны пайдалануда кездесетін теріс қылық. Осыған орай ысырап екіге бөлінеді:
Мал-мүлікті, ақшаны арам нәрсеге жұмсаумен ысырап ету.
Мал-мүлік, ақшаны адал нәрсеге мөлшерден тыс жұмсаумен ысырап ету.
Алла Тағала Құран Кәрімде ысырап етуге қатаң тыйым салған. Сондай-ақ, Пайғамбар (с.а.с.) да бұл теріс қылықтан аулақ болуға шақырған. Бірде Алла Елшісі (с.а.с.) сахабасы Абдулла ибн Амрдың (р.а.) дәрет алып жатып суды мөлшерден тыс көп пайдаланып жатқанын көреді де: «Бұл не деген ысырап?» – дейді. Абдулла ибн Амр (р.а.): «Дәрет суында да ысырап бола ма?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.а.с.): «Иә. Тіпті, ағып жатқан өзеннің жағасында болсаң да», – деп жауап береді. Демек, суы мол дариядан дәрет алып жатсаң да суды ысырап етпеу керек екен. Бұл тек дәрет суында ғана. Ал мал-мүлікті ысырап етудің қателігі одан да зор.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَلا تُسْرِفُوا إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ﴾
Алла Тағала былай дейді: «..Және де ысырап етпеңдер! Расында, Ол (Алла)ысырап етушілерді жақсы көрмейді»[4].
Тағы бір аятта бекер мал шашушылар албасты шайтандардың достарына жатқызылған.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَآتِ ذَا الْقُرْبَى حَقَّهُ وَالْمِسْكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَلا تُبَذِّرْ تَبْذِيرًا إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُواْ إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُورًا﴾
Алла Тағала былай дейді: «Жақын туыстарыңа, міскіндерге, жолда қалғандарға хақтарын бер. Әрі еш ысырап қылма! Шындығында, ысырапқорлар – шайтандардың ағайындары. Ал шайтан Раббысына анық қарсы келуші»[5].
Демек, ысырапшылдық пендені ең төменгі дәрежелерге түсіріп, малғұн шайтандардың қатарынан бір-ақ шығаратын, ақыры жамандыққа апарып соқтыратын апатты іс екен. Сондықтан әрбір мұсылманның ысыраптан сақтануы керек.
عَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «كُلُوا وَاشْرَبُوا وَتَصَدَّقُوا وَالْبَسُوا مَا لَمْ يُخَالِطْهُ إِسْرَافٌ أَوْ مَخِيلَةٌ». رَوَاهُ ابْنُ مَاجَه.
Амр ибн Шуғайыбтың атасынан жеткізген риуаятында Алла Елшісі (с.а.с.): «Ішіңдер, жеңдер және садақа беріңдер һәм ысырап пен тәкаппарлық танытпай киініңдер», – деп ескерткен[6].
Аманатқа қиянат
Тапсырылған аманатқа қиянат қылу күнә. Жалпы, аманатқа отбасы алдындағы жауапкершілік, қоғам алдындағы жауапкершілік және тағы басқа да толып жатқан міндеттер жатады. Сол сияқты адамдар арасындағы бір-біріне сеніп тапсырылған нәрселер де аманат саналады. Қазіргі кезде аманатқа қиянат қылу көп таралған күнәлардың бірі.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَوْفُوا بِالْعُقُودِ﴾
Алла Тағала былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Келісімдеріңде (уағдаларыңда)тұрыңдар!»[7].
عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لاَ إِيمَانَ لِمَنْ لاَ أَمَانَةَ لَهُ، وَلاَ دِينَ لِمَنْ لاَ عَهْدَ لَهُ». رَوَاهُ أَحْمَدُ.
Әнес сахабадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Аманатты сақтай алмайтынның иманы жоқ, сертте тұрмайтынның діні жоқ», – деген[8].
Әйелдің еркекке ұқсауы
Ерте заманда адамдық қасиеттен айрылмаған кез келген қоғамда әйелдің еркекке еліктеуі, не еркектің әйелге еліктеуі мүлде қабыл алынбайтын шектен шыққан күнә саналатын. Алайда қазірде Батыстық сән мен салтанатқа еліктеген кейбір әйелдер ерлерге тән киімдерді киіп, ерлерше жүріп-тұратын болды. Сондай-ақ, кейінгі кездері Лұт қауымының ізбасарлары да бой көрсете бастады. Мұның барлығы Құдай Тағаланың қаһарына ұшырататын қылықтар.
عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَعَنَ اللهُ الْمُتَشَبِّهِينَ مِنَ الرِّجَالِ بِالنِّسَاءِ، وَالْمُتَشَبِّهَاتِ مِنَ النِّسَاءِ بِالرِّجَالِ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.
Ибн Аббас (р.а.) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Алла әйелдерге ұқсап еліктейтін ерлерге, ерлерге ұқсап еліктейтін әйелдерге лағынет айтты», – деген[9].
Әйелдердің ашық-шашық киіну
Қазақ салтында әйел де, ер де жұрт алдында киімсіз, не жартылай денесін көрсетіп жүрмеген. Алайда қазіргі заманымызда әйел затының кіндігін, омырауы мен денесінің әурет жерлерін ашып жүруі, көшеде шашын жайып жүруі үйреншікті жайтқа айналды. Керісінше, әуретін жауып, мұсылманша киініп жүретін иманды қыз-келіншектерге кінә артылып, күстана етілетін болды.
Мұсылман шариғаты әйелдердің әуреттерін жаппай, ашық-шашық жүруіне тыйым салады. Ондай әйелдер Пайғамбар (с.а.с.) заманында мүлде болмаған. Сондықтан олар жайлы уахи арқылы ғана біліп, олардың тозақтықтар екендігін ескертіп өткен.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «صِنْفَانِ مِنْ أَهْلِ النَّارِ لَمْ أَرَهُمَا، قَوْمٌ مَعَهُمْ سِيَاطٌ كَأَذْنَابِ الْبَقَرِ يَضْرِبُونَ بِهَا النَّاسَ، وَنِسَاءٌ كَاسِيَاتٌ عَارِيَاتٌ، مُمِيلاَتٌ مَائِلاَتٌ، رُؤُوسُهُنَّ كَأَسْنِمَةِ الْبَخْتِ الْمَائِلَةِ، لاَ يَدْخُلْنَ الْجَنَّةَ وَلاَ يَجِدْنَ رِيحَهَا، وَإِنَّ رِيحَهَا لَيُوجَدُ مِنْ مَسِيرَةٍ كَذَا وَكَذَا». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді:«Тозақтықтардың екі түрін көргенім жоқ (олар ақырзаман жақындағанда болады). Бірі – қолдарында сиырдың құйрығындай қамшылары бар, соларымен адамдарды ұратын топ. Екіншісі – жартылай жалаңаш киінген, қылымсып, мүләйімсіген, бастары түйенің өркешіндей қисайған әйелдер тобы. Олар жұмаққа кірмейді, исін де сезбейді. Жұмақтың исі олардан тым қашықта болады»[10].
Болашақты болжау
Әлі орын алмаған, қашан болатыны белгісіз істер ғайып хабарларына жатады. Олардың қалай болатындығы жайлы сәуегейлік жасап, бал ашу мұсылман танымына керағар келетін теріс әрекет. Қасиетті Құран аяттары мен хадистерде ғайып істер жайлы болжам жасаудың үлкен күнә екендігі ескертілген.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿قُلْ لا يَعْلَمُ مَنْ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ الْغَيْبَ إِلَّا اللَّهُ وَمَا يَشْعُرُونَ أَيَّانَ يُبْعَثُونَ ﴾
Алла Тағала былай дейді: «(Уа, Мұхаммед) Алладан өзге көктер мен жердегілердің ешбірі ғайыпты білмейді. Олар өздерінің қашан тірілетіндерін де сезбейді деп айт»[11].
عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ أَتَى عَرَّافاً أَوْ كَاهِناً فَصَدَّقَهُ بِمَا يَقُولُ فَقَدْ كَفَرَ بِمَا أُنزِلَ عَلَى مُحَمَّدٍ». رَوَاهُ الْحَاكِمُ.
Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім балгерге не бақсыға барып, оның айтқанын растаса, ол Мұхаммедке түсірілгенге (Ислам дініне) күпірлік келтіреді»[12], – деп ескерткен.
عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَا عَدْوَى وَلَا طِيَرَةَ وَيُعْجِبُنِي الْفَأْلُ، قَالُوا: وَمَا الْفَأْلُ؟ قَالَ: كَلِمَةٌ طَيِّبَةٌ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.
Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Аурудан қашу да, құстың ұшуына қарап бал ашу да болмайды. Маған фәәл ұнайды». Сахабалар: «Фәл деген не?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.а.с.): «Ол – жақсы сөз», – деп жауап берген[13].
Ғайып істерді болжауға жұлдыз-жорамалдар да жатады. Бүгінгі күні мына жұлдыздың ықпалы күшті болып, мынадай жұлдыз астында туылғандардың жолы болады, аналардікі болмайды деген сияқты сандырақтар исі мұсылманның сеніміне селкеу түсіретін күнәлі істер.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَلَمْ تَرَوْا إِلَى مَا قَالَ رَبُّكُمْ؟ قَالَ: مَا أَنْعَمْتُ عَلَى عِبَادِي مِنْ نِعْمَةٍ إِلاَّ أَصْبَحَ فَرِيقٌ مِنْهُمْ كَافِرِينَ، يَقُولُونَ: اَلْكَوَاكِبُ، وَبِالْكَوَاكِبِ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Һурайраның (р.а.) айтуынша Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Сендер Раббыларыңның не дегенін естідіңдер ме? Ол былай дейді: «Мен құлдарыма қандай да бір нығмет сыйламайын, олардың бір бөлігі оны теріске шығарады. Олар: «Жұлдыздар, жұлдыздар арқылы ғана болды», – деседі»[14].
Ата-бабасымен, тегімен мақтану
Қазірде ешқандай ғылыми, тарихи дәлелі болмаса да, ата-бабасының батыр, ұлы тұлға болғандығын айтып мақтанатын жандардың қарасы көбейді. Сосын сол бабасының жерленген жерін тауып алып, орнына зәулім кесене салу, биік ескерткіш тұрғызу сәнге айналды. Бұл қоғамды жік-жікке, ру-руға бөлуге апаратын теріс құбылыс. Асыл дініміз – Ислам да мұндай келеңсіздіктерді мүлде қолдамайды. Пайғамбар (с.а.с.) үмбетіне күнәға апаратын осындай қылықтардан аса сақ болуға шақырған.
عَنْ أَبِي مَالِكٍ الأَشْعَرِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «أَرْبَعٌ فِي أُمَّتِي مِنْ أَمْرِ الْجَاهِلِيَّةِ لاَ يَتْرُكُونَهُنَّ: الفَخْرُ فِي الأَحْسَابِ، وَالطَّعْنُ فِي الأَنْسَابِ، وَالاِسْتِسْقَاءُ بِالنُّجُومِ، وَالنِّيَاحَةُ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Мәлік әл-Ашғариден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді:«Үмбетімнің арасындағы төрт нәрсе надандық дәуірінің ісі, бірақ оларды тастамайды: ата-бабамен мақтану, біреудің тегіне тиісу, жұлдыздармен жаңбыр шақыру (соған байланысты деп сену) және дауыс шығарып жоқтау»[15].
Әрбір тайпа, ру өзінің ата-бабасымен мақтанып, өзгеге шекірейе қарайтын болса, қоғам бұзылады. Ата-бабамыз мұндайда «жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деп ескерткен. Ендеше бүтін халықты тоз-тоз ететін трайбализмнің салдарынан сақтанайық. Алла Елшісінің (с.а.с.) өсиеттерін орындайық.
عَنْ جُبَيْرِ بْنِ مُطْعِمٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «لَيْسَ مِنَّا مَنْ دَعَا إِلَى عَصَبِيَّةٍ، وَلَيْسَ مِنَّا مَنْ قَاتَلَ عَلَى عَصَبِيَّةٍ، وَلَيْسَ مِنَّا مَنْ مَاتَ عَلَى عَصَبِيَّةٍ». رَوَاهُ أَبُو دَاود.
Жубейр ибн Мутғим (р.а.) жеткізген риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.):«Ұлтшылдыққа, рушылдыққа шақырған адам бізден емес. Ұлтшылдық, рушылдық үшін шайқасқан адам бізден емес. Ұлтшылдық, рушылдық үшін өліп кеткен адам бізден емес», – деп ескерткен[16].
Әділетсіздік
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейді ата-бабаларымыз. Туғаны қылмыс қылса, оны кешіріп, ал басқа біреу ағаттық жасаса, абақтыға тоғыту әділетсіздік. Ислам діні қара қылды қақ жаратын әділеттілікке шақырады. Үкім еткенде заң алдында барлық адамға тең қарауды әділдіктің басты шарты етіп бекіткен. Алланың Елшісі (с.а.с.) қандай жағдайда болмасын, әділдікті сақтаған әрі үмбетін ар алдында адал болуға үндеген.
عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا أَنَّ قُرَيْشًا أَهَمَّهُمْ شَأْنُ الْمَخْزُومِيَّةِ الَّتِي سَرَقَتْ، فَقَالُوا: مَنْ يُكَلِّمُ فِيهَا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ؟ قَالُوا: وَمَنْ يَجْتَرِئُ عَلَيْهِ إلَّا أُسَامَةُ بْنُ زَيْدٍ حِبُّ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَكَلَّمَهُ أُسَامَةُ فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَا أُسَامَةُ، أَتَشْفَعُ فِي حَدٍّ مِنْ حُدُودِ اللَّهِ تَعَالَى؟ ثُمَّ قَامَ فَخَطَبَ، فَقَالَ: إنَّمَا أَهْلَكَ الَّذِينَ كَانُوا مِنْ قَبْلِكُمْ أَنَّهُمْ كَانُوا إذَا سَرَقَ فِيهِمْ الشَّرِيفُ تَرَكُوهُ، وَإِذَا سَرَقَ فِيهِمْ الضَّعِيفُ أَقَامُوا عَلَيْهِ الْحَدَّ، وَأَيْمُ اللَّهِ لَوْ أَنَّ فَاطِمَةَ بِنْتَ مُحَمَّدٍ سَرَقَتْ لَقَطَعْتُ يَدَهَا .«رَوَاهُ الشَّيْخَانِ وَالْأَرْبَعَةُ.
Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, Құрайыш тайпасының көсемдерін текті әулет – махзумия руының ұрлық жасап қойған бір әйелінің жайы көп ойландырыпты. Бұл істің салдарынан қорыққан олар әйелді жазадан құтқарудың жолын іздеп: «Ол туралы Алланың Елшісіне кім айтып барады?» – деп кеңеседі. Сонда біреулері: «Ол туралы батылдықпен айта алатын біреу болса, ол – Алла Елшісінің (с.а.с.) сүйіктісі Усәма ибн Зәйд», – деп соны арашашы етуге келіседі. Келісім бойынша Усәма (р.а.) әлгі әйелдің мәселесі туралы Алла Елшісіне (с.а.с.) айтады. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Уа, Усәма! Алла Тағаланың жазасына арашашы болғың келе ме?!» – деп қатты ашуланады. Сосын адамдарды мешітке жинап, алып былай деп жар салады:«Ақиқатында, сендерден бұрынғы үмбеттер егер олардың арасында текті адам ұрлық қылса, оны қоя салатын, ал егер бір әлсіз адам ұрлық қылса, оны жазалайтын. Олар сондай істері үшін жойылып кетті. Алланың атымен ант етемін, егер, тіпті, менің қызым – Мұхаммедтің қызы Фатима бір ұрлық қылса, оның да қолы кесіледі!»[17]
Адамзаттың ардақтысы (с.а.с.) қоғамдағы әділдік қағидасын осылай айқындап берген. Өзі де өзгелерге үлгі болған.
[1] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
[2] Ахмет, Термези риуаят еткен.
[3] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
[4] Әнғам сүресі, 141-аят.
[5] Исра сүресі, 26, 27-аяттар.
[6] Ибн Мәже риуаят еткен.
[7] Мәида сүресі, 1-аят.
[8] Ахмет риуаят еткен.
[9] Бұхари риуаят еткен.
[10] Мүслім риуаят еткен.
[11] Нәміл сүресі, 65-аят.
[12] Хаким риуаят еткен.
[13] Бұхари риуаят еткен.
[14] Мүслім риуаят еткен.
[15] Мүслім риуаят еткен.
[16] Әбу Дәуіт риуаяты.
[17] Бұхари, Мүслім жеткізген.