Қиямет күні қаншаға созылмақ?
Әбу Бәкір Уасити былай айтқандай «Үш байлық бар: осы дүниедегі байлық, өлер кездегі байлық және Қиямет күнгі байлық. Аллаға құлшылық ету бұл — дүние байлығы. Өлер кездегі байлық — шәһәдәт (куәлік) айтып жанның тәннен шығуы. Алайда нағыз байлық — Қиямет күнгі қуаныш байлығы. Иман келтірген жан қабірінен шыққан кезде оны Жұмақпен қуантатын қуаныш хабаршысының келуі».
Яхья бин Мұғаз былай дейді: «Әй, адамдар, ертең қабірлеріңнен тіріліп тұрып, бір-бірлеп Алланың алдына келесіңдер. Жасаған амалдарың үшін жауап бересіңдер. Түйеге отырған әулиелер (Алланың достары) Алланың мейіріміне қарай беттесе, күнахарлар жаяу-жалпылап Алланың азабына қарай беттейтін болады. Олар топтарға бөлініп, Тозаққа кіргізіледі».
Уа, менің бауырларым, Қиямет күнінің ұзақтығы бірінші сүр үрленген соң елу жыл. Қиямет күні – қайғы мен өкініштер күні. Бұл күн — ұлы күн. Бұл күні барлық адамзат баласы барлық әлемдердің Раббысы Алланың алдына келтіріледі. Осы күні мына сөздер жиі естілінетін болады: «Неге игі амалдар жасамадым екен?». Бұл есеп беру күні, Таразыға салу күні, Сот күні, Солқылдау күні, сенбеген, иман етпегендердің сенетін күні.
Алла Тағала Құранда: «Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне соларға зор азап бар» (3:105) дейді.
Мұқатил бин Сүлеймен: «Қиямет күні адамдар жүз жыл бойы ауыздарына дейін жететін терлеріне батып тұратын болады. Сондай-ақ, жүз жыл аласұрған күйде болады» деген.
Шындығында, Қайта тірілу күнінің ұзақтығы елу мың жылды құрайды, бірақ нағыз иман келтіргендер үшін бұл күн бір сағаттай болып өте шығады. Әй, ақыл иесі, Қиямет күнінің зұлымдығы мен қаталдығы сіз үшін жеңіл болсын десеңіз осы дүниеде барлық күш-жігеріңізді салып, құлшылыққа көңіл бөліңіз!