Мұсылман қыз-келіншекке көшеге сәнденіп шығуға бола ма?
Әйел сәнді киім киіп, әшекейлерін тағып, жұпар иіс себе алады. Тек күйеуі үшін ғана. Бөтен еркектердің алдында сәнденіп жүрудің еш себебі жоқ әрі оған рұқсат та жоқ. Өйткені сәнденіп бөтен еркектерге көрінген әйел олардың көңілін өзіне аударып қана қоймайды, сонымен қатар, олардыі ойын да жаулап алады. Ешбір еркек оның әйеліне бөтен еркектердің көңіл аударғанын әрі ойлағанын қаламайды. Сол сияқты ешбір әйел бөтен әйелдердің оның күйеуіне көңіл аударып, ол туралы ойлағанын қаламайды.
Бұдан түсінетініміз, күйеуі үшін сәнденетін әйел, көшеде, базарда немесе дүкенде өзіне бөтен еркектің көңілін аудару үшін сәнденуіне болмайды.
Имам Тирмизи келтірген хадистердің бірінде былай айтылған: «Жұпар иісі аңқып көшеге шыққан әйелдің иісін оның айналасындағылар сезсе, ол күнә жасаған болып саналады».
Бұл хадистен түсінетініміз, көшеге шығарда өзгелер иісін сезбес үшін, әтір себініп шықпауы керек.
Басқа хадисте былай айтылған: «Егер әйел күйеуінен басқа біреу үшін әтір себініп көшеде, базарда жүрсе, бұл ұят қылық болып табылады».
Жоғарыда айтылғандардың бәрінен түсінетініміз, өз арының қамын ойлайтын әрі бақытты тек өз үйінен іздейтін әйел — өз күйеуі үшін ғана сәнденіп, сол үшін ғана әшекейлерін тағатын болады, бөтен еркектердің алдында осындай түрде көрінуді жол берілмейтін қылық деп санайды.