Тамақты үрлеуге бола ма? Тамаққа немесе сусынға, сондай-ақ, ыдысқа дем шығару мәкрүһ болып табылады. Осы мәселе жөнінде хадистер келтірілген.
Сұрақ: Тамақты үрлеуге бола ма?
Жауап: Тамаққа немесе сусынға, сондай-ақ, ыдысқа дем шығару мәкрүһ болып табылады. Осы мәселе жөнінде хадистер келтірілген. Мұндай қылық басқа адамдарға жағымсыз болып тиеді әрі ыдысқа, тамаққа не болмаса сусынға аузымыздағы микробтар мен бактериялар түседі. Келесі хадистер тамақты үрлеуден аулақ болудың қажеттілігін көрсетеді:
«Егер кімде-кім су ішіп тұрса, стақанына дем шығармасын. Егер ол тағы да бір жұтым жасағысы келсе, онда стақанды аузынан алыстатып (дем шығарып), содан кейін қайтадан ішсін» (Хаким, Мустадрак, Ашриба; Канзул-Уммал, хадис №: 41080).
Ибн Аббастың (оған Алла разы болсын) былай айтқаны келтірілген: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешқашан тамақ пен сусынды үрлемеген. Және де ешқашан ыдысқа дем шығармаған» (Ибн Маджа, Сунан).
Басқа бір хадисте былай келтірілген: «Дәрет сындырғанда ешкімдерің оң қолдарыңды жыныс мүшелеріңе тигізбеңдер де әрі оң қолдарыңмен жумаңдар да. Өзі сусын ішіп тұрған ыдысқа ешкім де дем шығармасын» (Мүслім).