Қан берудің үкімі қандай?
Ислам дінінде үкімі парыз (зекет) және уәжіп (пітір садасы) болған садақалардан өзге ұғымы өте кең садақа беру түсінігі бар. Мысалы мал-мүлік арқылы қаржылай жәрдем берумен қатар, мұсылман бауырын көлігіне мінгізіп-түсіру, жылы шырай яки тәтті сөз арқылы оның көңілін аулау да садақаға кіреді. Науқастанып қалған жанға, жақындарының, туыстарының, дос-жарандарының көрсетер алуан түрлі жәрдемдерінің бірі қан беру болып табылады. Әсіресе сырқат пышаққа ілінгенде, яки қан көп жоғалтқанда қан беру садақаның абзалы, әрі сауабы мол ізгі іс. Өйткені мұндай қиын сәттерде қан беру, кісіні ажал тырнағынан арашалап, құтқарып қалумен тең.
Хақ Тағала Құран-кәрімде: «Сол себепті Біз, Исрайыл әулетіне: «Қандай-да бір адамды өлтірмеген, жер бетінде бұзақылық жасамаған жанды нақақ өлтірген адам, барша адам баласын өлтіргенмен тең. Ал ол жанды, (өлім аузынан) алып қалған кісі, күллі адам баласын (өлім тырнағынан) құтқарып қалғанмен тең»,- деген үкім шығардық»[1],- деп адам өмірінің құндылығын тілге тиек етеді.
Шариғатта дүние-мүлік арқылы жүзеге асырылған садақаның айрықша орны бар. Аллаһ Тағала мұндай садақаның сауабын, сыйын өзі беретіндігін уәде етеді. Осындай садақаның сауабы жеті жүз есеге, одан да көп сауапқа жетіп жығылады. Ал қан берудің сауабы мұндай садақадан артық болады. Өйткені бұл садақада сырқат адамның өмірін сақтап қалу мүмкіндігі бар. Адам өмірі кез-келген дүниеден артық.
Сонымен қатар бұл ізгі істің құндылығын арттырар тағы бір жайт, бұл істің қайғы-қасіретке тап болып, көмекке зәру кісіге қол ұшын беруге жататындығында. Міне осы ерекшелік қан берудің Аллаһ Тағала құзырында сауабының мол болатындығына айғақ бола алады.
Бұған адамзаттың асылы Пайғамбарымыздың (с.а.у): «Кімде-кім мұсылман баласын (кез-келген дүниелік) қайғы-қасіреттен құтқарса, Аллаһ Тағала оны қиямет күнгі қайғы-қасіреттердің бірінен құтқарады»[2] деген хадисі дәлел. Тіпті адамзат баласының ардақтысы Пайғамбарымыздан (с.а.у) қатты шөлдеген, ашыққан хайуанға су берудің, тамақтандырудың күнәлардың кешірілуіне себеп болатындығы жайлы сахих риуаят бар.
Әбу Һұрайра (р.а) Аллаһ Елшісінің (с.а.у) былай деп уақиға желісін тарқатқандығын нақыл етеді:
«Бір кісі сапар шегіп келе жатып, қатты шөлдейді. Құдыққа түсіп, (су ішіп) шөлін басады. Кейін құдықтан шықса, бір ит тілі салақтап, қатты шөлдегендіктен дымқыл топырақты жеп жатыр екен. Кісі: «Мынау да мен душар болған нәрсеге душар болған екен»,-деп (құдыққа қайта түседі). Мәсісіне су толтырып, оны аузымен тістеп (құдықтан) қайта шығып итке ішкізеді. Аллаһ Тағала әлгі кісінің осы ізгі амалын қабыл алып, (күнәларын) кешіреді».
Маңайындағы сахабалар таңырқап: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Сонда бізге хайуандарға (жасаған жақсы мәмілеміз) үшін сауап жазыла ма?»,-деп сұрайды.
Аллаһ Елшісі (с.а.у): «Иә! Әрбір тіршілік иесіне (жасалған жақсы мәмілеге) сауап жазылады»,-деп жауап береді[3].
Хадис-шәріп желісінен хайуандарға жақсы мәміле жасау арқылы сауапқа қол жеткізуге болатындығына айқын дәлел бар. Ал мұндай жақсылық адам баласына жасалып жатса, әсіресе мұсылман кісіге жасалып жатса мұндай ізгі амалдың сауабының қаншалықты болатындығын өзіңіз ойлап көріңіз.
Жоғарыда айтылғандар қан берудің жалпы тұрғыдан сауабының молдығына дәлел. Егер кісі қанды өзінің туысына берер болса мұндай ізгі істің сауабы арта түседі. Оған пайғамбарымыздың (с.а.у) мына хадисі айғақ бола алады.
«Міскінге берілген садақа бір садақаға жатады. Ал туысқа берілген садақа екі садақаға жатады. Садақа әрі туыстық (қарым-қатынасты) нығайтуға жатады»[4]. Сонымен қатар туыстар арасындағы қатынас араға шайтан түсіп немесе басқа себептерге байланысты бұзылған болса, қан берудің сауабы тіптен молая түседі. Төмендегі мына хадис осыны көрсетеді.
«Садақаның ең абзалы ішінде кек сақтап жүрген туысқа берілгені»[5]. Міне осы келтірілген хадистер қан берудің садақа беруге жататындығына, әрі мұндай ізгі істің сауабы мол екендігін көрсетеді.
Құрметпен, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі.