Сәлеметсіздер ме? Қаза оразасын өтеуге ниет ететін дұға жіберсеңіз екен. Әрі Шәууәл айының оразасының ниет-дұғасы! Айгүл
Сәлеметсіз бе!
Ниет дегеніміз, іштей бір нәрсені орындамаққа оқталу, соны діттеу дегенді білдіреді. Сондықтан да, көкейде әлдебір оразаға ниет етілген болса, соның өзі жарамды. Тілмен айту шарт емес. Дегенмен, ауызша айтам деуші кісі ниетін шәууәл оразаға да, қаза оразаға да қазақ тілінде жасай берсе болады. Арнайы ниет-дұғасы жоқ. Өрнек ретінде айтар болсақ:
Шәууәл оразасының ниеті: «Ниет еттім Алла ризалығы үшін шәууәл айындағы нәпіл оразаның бірінші күнін (екінші не үшінші күнін...) ұстамаққа. ХалисалиЛләһи Тағалә».
Қаза оразаның ниеті: «Ниет еттім Алла ризалығы үшін осы жылғы Рамазан оразасынан қалған пәлен күндік (мысалы, алты күндік) қаза оразаларымның бірінші күнін өтемекке (немесе екінші, үшінші...). ХалисалиЛләһи Тағалә».
Ауыз ашқанда әдеттегідей сумен немесе құрмамен ашқан абзал. Ауыз ашарда қазақшалап тілек-дұғасын жасауына болады.
Ескерту:
Қаза оразалардың ниеті алдыңғы күннің ақшам уақытынан бастап, сәресі уақыты біткенге дейінгі аралықта (ертесі таң намазының уақыты кіргенге шейін) жасалуы шарт.
Нәпіл оразасына (мысалы, шәууәл айындағы оразаға) ертесі күні түске дейін (күннің тас төбеге келген уақытқа дейін, еш нәр татпаған болса) ниет етуге болады. Мысалы, таң намазының уақыты кіріп қойғаннан соң ұйқыдан оянған кісі еш нәр татпастан сол күнгі нәпіл оразаға ниет етіп, ұстап кете беруіне болады.