Жабайы доңыз еті арам ба?
Жауап: Доңыздың харам екендігі Құранда да, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де баяндалған. Сондай-ақ барлық ислам ғалымдары доңыздың еті харам екеніне бір ауыздан келіскен.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Асылында (Алла) сендерге өлексені, (арам өлген малды) қанды, доңыз етін және Алладан басқа үшін сойылғанды жеуді харам қылды»[1], – деген.
Бұл аяттағы «хинзир» сөзі үй шошқасын да, жабайы доңызды да қамтиды[2]. Басқа аятта доңызды «лас» нәрсе деп атаған. Сондықтан үй және жабайы доңыздың еті, майы, тағы басқа нәрселері харам әрі нәжіс болып саналады. Оның терісі илеумен де таза болмайды. Сондай-ақ доңызды сатып, ақшасын пайдалануға тыйым салынады.
Жәбирден (Оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إنَّ اللَّهَ حَرَّمَ بَيْعَ الخَمْرِ، وَالْمَيْتَةِ، وَالْخِنْزِيرِ، وَالأصْنَامِ
«Алла Тағала және Оның Елшісі арақты, өлексені, шошқаны, пұттарды сатуды харам етті»[3], – деген.
Ғұлама Ибн Кәсир жоғарыда келген аятқа байланысты былай дейді: «Алланың халал еткен нәрселерінің әрбірі жақсы саналады әрі ол адам баласының ағзасы мен дініне пайдалы. Ал әрбір харам еткен нәрсесі лас есептеледі әрі ол адам ағзасы мен дініне зиян келтіреді»[4].
Қорыта айтқанда, доңыз үйдікі бола ма, жабайы бола ма нәжіс, лас әрі адам ағзасына зиян болғандықтан шариғатымызда харам.


26 Қыркүйек 2026
13 Раби-сани 1448

