«Алла қайда?» деп сұраса, не деп жауап беруге болады?
Бірде Әзіреті Әлиден бір кісі: «Ғарш жаратылмай тұрып Алла қайда еді» деп сұрайды. Сонда Әзіреті Әли: ««ҚАЙДА» деген сөздің өзі мекен-жайды білдіреді. Ал, Алла уақыт пен мекен жаратылмай тұрғанда да бар еді. Алла әзелде қандай болса, қазір де сондай (өзгеріссіз)», – деген екен.
Табиғин Жағфарус Садық (р.а.) былай дейді: «ТАУХИД сенімі үш сөзден құралады: Алла еш нәрседен жаратылмады, еш нәрсенің ішінде емес және еш нәрсенің үстінде емес»[1].
Ендігі, жерде «Алла қайда?» деп сұраған адамға:
«Алла әрбір пенденің не істеп, не қойғанын, не ойлайтынын, болашағын т.б. егжей-тегжейлі түгел біледі. Осы тұрғыдан қарағанда, ол әрбірімізбен бірге. Бірақ затымен емес, білгіштігімен», - деп жауап беруге болады. Құран Кәрімде: «Біз оған күре тамырынан да жақынбыз», - делінген[2]. Басқа бір аятта былай делінеді: «...Екеуі (Мұхаммед пайғамбар мен Әбу Бәкр) үңгірде болған уақытта, (Мұхаммед Ғ.С.) жолдасына: «Уайымдама! Расында, Алла бізбен бірге» деді...»[3].
Сондай-ақ, Құдай Тағаланың құдіреттілігі, шеберлігі, мейірімділігі, қамқорлығы сияқты нұқсансыз сипаттарға ие екендігін айналадағы жаратылыстарға қарап ұғынуға болатындығы мәлім. Осы тұрғыдан алғанда, жаратылыстардың әрбірінде Жасағанды ашық көруге болады. Яғни, Жаратқан Иенің ұлықтығын айналадағы болып жатқан барлық құбылыстардан анық байқауға болады. Құран Кәрімде: "...Қайда бет қаратсаңдар да, Алланың жүзі (мейрімі, құдіреті, разылығы) сол жерде", - дейді[4].
[1] Имам Маймун Насафи р.а., Бахруль-Кәләм -117 бет.
[2] Қаф сүресі, 16 аят.
[3] Тәубе сүресі, 40 аят.
[4] Бақара сүресі, 115 аят.
Абдусамат Қасым