Зекет – Исламның көпірі

Зекет – Исламның көпірі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Зекет» сөзінің мағынасы – көбею, өсу, берекеттену. Ал шариғаттағы мағынасы – «нисап» (зекетті парыз ететін байлық мөлшері) көлеміне жететін байлыққа ие мұсылман оның белгілі бір бөлігін жылына бір рет Алла тағаланың разылығы үшін Құранда белгіленген адамдарға үлестіруі.

Зекет Құранда айтылған нақты аяттармен ауқатты мұсылмандарға парыз болған. Ол Құран Кәрімде үнемі намазбен қатар айтылады.

Бір аятта «намаз оқыңдар» делінсе, артынан «зекет беріңдер» деп әмір етілген. Зекет осы дүниенің материалдық жағын ретке келтіріп, бір жағынан Алла разылығына қол жеткізуге себеп туғызады. Демек, ол − ақырет пен осы дүниені қосып тұрған бір көпір. Сол үшін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Зекет – Исламның көпірі», – деген.

Зекет туралы Құран Кәрімде: «Намаз оқыңдар, зекет беріңдер...»; «Олардың күнәларынан тазаланып, малдары көбейіп берекеттенуі үшін олардың (мұсылмандардың) малдарынан садақа (зекет) ал...», − деп айтылған.

Зекет жайлы Хақ Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар»; «Малыңның зекетін төлесең – мойныңдағы қарызыңды төлегенің»; «Малыңның зекетін беру – мұсылмандығыңды толықтырады», − деген.

Жоғарыдағы аяттар мен хадистердің үйретуі бойынша халқымыз малының зекетін беріп, Алла тағаланың әмірін орындап отырған. Олар зекет бермеудің ақыреттегі кесірінен де хабардар еді. Пайғамбарымыз зекетін бермегендердің ақыреттегі ахуалы туралы: «Алла тағаланың берген байлығының зекетін бермеген адамның байлығы ақырет күні ірі жылан пішініне кіреді. Екі көзінің үстінде (қорқыныштылығының белгісі ретінде) қап-қара екі домалақ дағы бар. Осы жылан қиямет күнінде иесінің мойнына оралады...»;

«Жаһаннамда түйе мойнындай жыландар бар. Олардың аузынан шыққан удың ыстығы қырық жылдық жолдан сезіледі. Және ол жерде есектей шаяндар бар. Олардың да улары қырық жылдық жолдан сезіледі»,− дейді.

Имам Ғазали бұл жыландар мен шаяндардың осы дүниеде сараңдық еткен адамдарға шабуыл жасайтынын айтады.

Осы хадистерге сүйеніп халқымыз зекетсіз малды үнемі жылан мен шаянға теңеген:

Жиған малың зекетсіз

Жылан менен шаянды. 

...Артқы қалған заманға,

Қиямет қайым таянды.

Қайырсыздың көп малы

Жылан менен шаянды.


ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: