Мұхаррам айы
Омар ибн Хаттабтың (оған Алла разы болсын) билік жүргізген заманында қабылданған мұсылман күнтізбегіндегі жыл басы Мұхаррам айынан басталған. Сол кезден бастап аталмыш күнтізбек әлемнің көптеген елдерінде қолданыла бастады. Басқа діндерден өзгешелігі – ислам әлемінде жаңа жылды тойлау дәстүрі жоқ, дегенмен 1-ші Мұхаррамның өзіндік мәні бар, өйткені жаңа жылдың басы болып табылады.
Қасиетті Құранда Мұхаррам айының айырықша ерекшелігінің бірі көрсетілген: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар» (9:36). Осы төрт құрметті айдың біреуі Мұхаррам айы болып табылады. Құрметті айлардың басқа айлардан артықшылығы олардың өзіне тән құндылықтары бар.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мұхаррам айын «Шахруллахи/Алла айы» деп атаған, бұл ай Алланың берекеті мен фейзіне толы. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы айды бұлай атауының себебі – аталмыш айда Алла Тағаланың мейіріміне бөленудің көркем мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ, Мұхаррам айы пайғамбарлар тарихында да ерекше орынға ие. Әртүрлі риуаяттарда келтірілгендей, Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Дәуіт, Яқуб, Юсып, Айюб, Юнус және Ғиса (оларға Алланың сәлемі болсын) сияқты пайғамбарлар Мұхаррам айының Ашура деп аталатын оныншы күні қиындықтардан құтылып, ерекше игіліктерге ие болған екен.