Мұхаррам айы
Бүгін Қасиетті Мұхаррам айының бірінші күнімен хижра бойынша жаңа 1439 жыл басталды. Хижра — Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мединеге қоныс аударуы. Ол 622 жылы орын алған. Бұл ислам тарихындағы маңызды дата, бұл оқиға ислам тарихының басталған уақыты, сондықтан да мұсылман жыл санауы осы датадан басталады.
Қасиетті Мұхаррам Ережеп, Зул-Қағда және Зул-Хижжа айлары сияқты жанжал мен соғыстарға тыйым салынған ай. Құранда былай айтылған: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар» (9:36). Ал хадисте былай делінген: «Жыл он екі айдан тұрады, бұлардың төртеуі құрметті айлар, үшеуі қатарынан келеді: Зул-Қағда, Зул-хижжа және Мұхаррам, ал (төртінші ай) Ережеп Джумада мен Шағбанның ортасында орналасқан» (әл-Бұхари). Аталмыш айда ерекше құлшылық ету қарастырылмаған. Басқа кездегі сияқты игі амалдар жасауға тырысу, құлшылықты арттыру, намаздарды толықтыру, садақа беру, Құран оқу, мінезді көркейту, күнә жасаудан аулақ болу. Сондай-ақ, кез-келген күні кез-келген мөлшерде ораза ұстау сүннет болып табылады: «Рамазан айынан кейінгі жақсы ораза – Алланың айы Мұхаррамда ораза ұстау» (Мүслім).
Мұхаррам айының ең мәнді күні, Мұхаррам айының 10-шы жұлдызы немесе 30-шы қыркүйек - Ашура Күні. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) былай айтқан: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мединеге келіп, яһудилердің Ашура күні ораза ұстап жүргенін көріп: «Бұл не?» - деп сұрайды. Олар былай жауап береді: «Бұл — қайырлы күн, осы күні Алла Ысраил ұлдарын жаулардан құтқарған, сондықтан Мұса осы күні ораза ұстайтын болған». Бұған Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендерге қарағанда, менің Мұсада көбірек құқым бар!» - деп жауап беріп, осы күні өзі де ораза ұстап, басқаларға да ораза ұстауға бұйырған екен». Айша анамыз былай айтқан: «Жәһилиәт заманында құрайыштар Ашура күні ораза ұстаған әрі Алла Елшісі де (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза тұтқан. Ол Мединеге келген соң да ораза ұстауын тоқтатпаған, басқаларға да ораза ұстауға бұйырған. Рамазан айында ораза ұстау парыз етілген күннен бастап, ол Ашура күні ораза ұстауын доғарған екен. Сол кезден бастап Ашура күні ораза ұстағысы келгендер – ұстап, ұстағылары келмегендер - ұстамаған».