Ақтамберді Сарыұлы ((1675-1768).

Ақтамберді Сарыұлы ((1675-1768).

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ақтамберді жырау Сарыұлы Қаратау бойында дүниеге келген. Ақтамбердінің ақындығы ерте ашылған. 17 жасынан соғысқа қатысып, қазақ жерін қалмақтардан қорғаған белді батырлардың бірі. Өз елін, өз жерін, өз Отанын жанындай сүйген ақынның өлеңдері нәзік сезімге, биік парасатқа құрылып, байтақ жұртын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырады, үндейді.

 

Жоңғарларға қарсы күресте жауынгерлердің рухын өлеңмен көтерген. Сонымен қатар толғауларында жыраудың жетімдіктің мехнаттарын көргені, батырлық өмірдің қиыншылықтары, әлеуметтік теңсіздіктердің көріністері шынайы бейнеленген. Өз отанын қорғау жолында қасық қаны қалғанша күресуге дайын екенін әрбір жырында тереңнен толғап, тебірене жырлайды. Жырларының басты тақырыбы - ер тұлғаның Отанын жаудан қорғауы, өмірдің өкініші екенін білдіріп, естен шығармай, әр сәтті қадірлей білуі.

***

Дұшпаннан көрген қорлығым,

Сары су болды жүрекке.

Он жетіде құрсанып,

Қылыш ілдім білекке,

Жауға қарай аттандым,

Жеткіз деп құдай тілекке!

***

Күлдір де күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екенбіз,

Күдеріден бау тағып,

Ақ кіреуке киер ме екеміз!

Жағасы алтын, жеңі жез,

Шығыршығы торғай көз

Сауыт киер ме екеміз!

Ор қояндай жүгінтіп,

Аш күзендей бүгілтіп,

Жолбарыстай шұбарды

Таңдап мінер ме екеміз!

Сол шұбарға мінген соң,

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екеміз.

Жалаулы найза жанға алып,

Жау қашырар ма екеміз.

Тобылғы түбі құралай,

Бытыратып атар ма екеміз!

Жарлауға біткен жапырақ -

Жамылсақ тоңар ма екеміз.

Жазыққа біткен бүлдірген -

Сұғынсақ тояр ма екеміз!

Тобылғы сапты қамшы алып,

Тұмар мойын ат мініп,

Қоныс та қарар ма екеміз!

Ел жазылып жайлауда

Жақсылар кеңес құрғанда

Мұртымыз өрге шаншылып,

Бұрын да сөйлер ме екеміз!

***

Мінезді болса алғаның,

Одан артық жар бар ма,

Екі жаман қосылса,

Күнде жанжал, күнде шу,

Ұяларлық ар бар ма.

Білімді туған жақсыға

Залал қылмас мың қарға,

Жаман туған жігітке

Рақатты күн бар ма.

Өз мінін білген жігіттің

Тәлімінде мін бар ма.

***

Сары аязда қата ма

Қайнардың аққан тұнығы,

Қап түбінде жата ма

Болаттың асыл сынығы,

Халқы тозып кем болмас,

Әділ болса ұлығы.

Рақымсыз жақыннан

Халқы қатты түңілер,

Сырқат болсаң жат жеде

Жаныңда кім бөгелер.

Әділ туған жақсыға

Екі даугер жүгінсе,

Тізесін қисық бұрмаса,

Асылдығы білінер.

***

Көк көгершін, көгершін,

Көкқұтан ұшар жем үшін,

Тем, тем үшін,тем үшін,

Тең құрбыдан кемі үшін,

Теңкиген қара саба жоғы үшін,

Көк шекпенін бөктеріп,

Ерлер жортар мал үшін,

Тұтам емшек бие үшін,

Қатын-бала қамы үшін,

Әркім өзі талпынбақ,

Басына бітер бағы үшін.

***

Балпаң, балпаң кім баспас,

Басарға балтыр шыдамас,

Батырмын деп кім айтпас,

Барарға жүрмек шыдамас.

-

Жалтара шапсаң жау қашпас,

Жауды аяған бет таппас,

Уа, жігіттер, жандарың,

Жаудан аяй көрмеңіз,

Ғазірейіл тура келмей жан алмас!

***

Балаларыма өсиет:

Қылмаңыздар кепиет,

Бірлігіңнен айрылма,

Бірлікте бар қасиет.

-

Татулық болар береке,

Қылмасын жұрт келеке.

Араз болсаң алты ауыз,

Еліңе кірген әреке.

-

Талпынып салдым егінді,

Ішсін деп әркім тегінді.

Ақылың барың ұғарсың,

Ойың болса сөзімді.

Тоқсанға жас келген соң,

Өлім жақын көрінді.

Бар арманым, айтайын,

Батырларша жорықта,

Өлмедім оқтан, қайтейін!...

-

Ел аман болсын ылайым,

Тілегім берді бәрін де,

Разымын, құдайым!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (44)

Оқи отырыңыз: