Адам баласы үшiн зиянды заттың бiрi - алкогольды iшiмдiктер. Бұған қатысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Iшімдік - барлық жамандықтың көзi» деген (хадистi Ибн Аббастан имам Хаким және имам Байһақи риуаят еткен). Қазiргi таңда ішімдіктің құлына айналған бауырларымыз баршылық. Оларға: «Аллаһ Тағала харам еткен нәрсенi азық ету бізге жараспайды!» десеңiз: «Онда тұрған не бар, арақ көңiлдi көтерiп, отырыстың сәнiн кiргiзедi» деп көкиді. Тіпті: «Арақ ас қорытуға пайдалы» дейтінін қайтерсіз. Бұл аса қатерлі ұғым. Алкогольдағы гидрохлорлы қышқылдың жұғымталдығы ас қортуды қайта кешіктіреді.
Ішімдік ішкеннен кейін: науқасынан сауығып кеткен, кедейшіліктен құтылған, ел арасында абыройға ие болған пенде бар ма, бұл дүниеде? Ондай адам жоқ. Өйткені, iшімдік - сау адамды ауру, байды кедей, абыройлыны жексұрын етедi. Сондықтан да Аллаһ Тағала: «Ей, адам баласы, арақ iшпе! Бұл дүниеде қор болып, ақыретте азапқа душар боласың!» деп ескерткен.
Арақ туралы әңгiме қозғалса, бiздi оған үйреткен орыстар дейміз. Орыс қол-аяғыңды байлап қойып, ауызыңа арақ құйды ма?! Жоқ! Нәпсіге ие болмаған өзімізден неге көрмейміз. Кейбiр көкелер: «Шамаңды байқап, мас болмайтындай мөлшерде iшсең болады!» деп ақыл айтады. Осыған қатысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мас етушi нәрсенiң азы да харам» (хадисті Жәбардан имам Ахмад, имам Әбу Дауд, имам Насай, имам Тирмизи риуаят еткен) деді емес пе.
Қазір арақ ішудің небір амалын ойлап таптық. Шайтанның бас жәрдемшiсi тамада сайлап, яғни «тост» айтылады. Деннiң саулығы, бақыт тiленедi. Кiмнен? Әлбетте, Аллаһ Тағаладан! Харам ұстап тұрып, Жаратушыдан жәрдем тілеуге қалай дәтіміз бармақ... Жаңа пәтерлі болсақ алдымен молда шақырып, Құран оқытып, дұға жасаймыз да, соңынан арақпен істеген сауабымызды жоқ қыламыз. Үйленген жастардың некесiн мұсылманша қиып, артынан арақ ұстап тұрып: «тойларың құтты болсын!» айтамыз. Ақиқатында Аллаһ харам еткен затты қажет етіп, тiлеген тiлектi Жаратушымыз қалай қабыл алады деп, бір сәт ойладық па?! Бұл бiрiншiден - түсiнбеушiлiк, екiншiден - надандық, күпiрлiк, екiжүздiлiктiң салдары. Аллаһ Тағаланың харам деген затты өзiмiзге халал еткен соң тірлігіміз не болмақ?! Ойланайық ағайын!!!
Арақ харам етілгендіктен пендені адамгершiлiктен айырады, иманын әлсiретеді. Иманнан қалған жүрек өлi жүрекке айналады. Сананы иман емес, нәпсi билейдi. Халал мен харамның айырмасы болмай қалады. Күнәға ойланбай барған пендеге шайтан Аллаһ Тағаланың азабын ұмыттырады. Нәпсiнiң құлы болу дегенiмiз - осы. Адам баласын нәпсi мен шайтанға құл ететiн - имансыздық. Иманның асыл қақпасына бiздi бiреу көтерiп кiргiзбейдi. Оған еңбекпен кiру пенденiң мiндетi. Мысалы, бал арасының ұясын қорғаушы күзетші аралар шіріген (спирттік құрамы бар) гүлге қонып, бал жинаған араны ұяға кiргізбейдi екен. Сол сияқты иман қақпасына арақтың иiсiн мүңкітіп кіре алмайсыз. «Аллаһ Тағала арақты iшушi мен жәрдем берушiнi, сатушы және сатып алушыны, дайындаушы мен дайындатушыны, алып келушi мен алып келтiрушiнi және арақтан күн көргендi лағынеттедi» (хадисті ибн Омардан имам Әл-Хаким және имам Әбу Дауд риуаят еткен) дейдi сүйікті Пайғамбармыз. Әлбетте, көкiрегiнде иманы бар адам Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл ескертпесіне құлақ асып, Аллаһ Тағаланың қаһарынан сақтануы қажет.
Статистика дерегіне сүйенсек: елімізде жыл бойы сатылатын арақ-шарап өнімдерінің мөлшері жан басына шаққанда әрбір адамға 12 литрден келеді екен. Халықаралық сараптаудың негіздемесінде сүйенсек: бұл көрсеткіш 8 литрден асқан жағдайда ондай елдің болашағы күмәнді дейді. Бұл дабыл қағатын жағдай...
Арақ - ұрпақты аздырушы
Арақ iшкен адамға ғана кесiрiн тигiзіп қоймайды, ұрпағын да шарпиды. Әйел арақ iшсе, аналық жұмыртқа клеткалары зақымданып, бала кемiс туады. Әсiресе, аяғы ауыр кезiнде арақ iшкен әйелдің баласы сөзсіз кемшін болады. Питербург университетiнде 700 сәбиге жүргiзiлген зерттеудің нәтижесiнде: бiр стакан сыра ана құрсағындағы баланың миына әсер ететіні анықталған. Ішкілiк қолданбайтын әйел-дерге қарағанда, аз мөлшерде болса да iшкiлiк керектенетін әйелдерден туған сәбилердің - 89 пайызы әлсiз әрі болашақта психикалық дағдарысқа ұшырағыш немесе бас көлемi қалыпты мөлшерден кiшi, есту-сөйлеу мүшелері кемiс, аяқ-қол саусақтары қисық, жүрек ауруына шалдыққыш болып туады екен. Дәрiгерлер iшкiлiк қолдану кезінде пайда болған сәбидің бойынан 850-ден астам аурудың белгілері табылуы ықтимал деп қорытынды шығарған.
Атақты дәрiгер Альфина Дебруч iшiмдiктiң зияндылығын зерттей келiп: «Iшкiлiктi көп пайдаланатын халықта өлiм көбейiп, бала өсiмi күрт төмендейдi. Себебi, дүниеге спирттiң әсерiнен әлсiз ұрпақ келедi. Iшкiлiк себебiнен қылмыстың саны көбейедi. Ұрпағын апаттан сақтап қаламын деген әрбiр саналы адам iшкiлiкке қарсы тұруы қажет» дейді.
Бүкiләлемдiк денсаулық сақтау ассамблеясының (WHA) қарарында: «Маскүнемдiк адамзатқа қауіп төндіретін аурулар қатарында тұр» делiнген. Қазiр Францияда 5 миллион, Германияда 3 миллион, Британияда 1 миллионға жуық адам маскүнем ретінде тiркеуге алынған.
Норвегия еліндегі Фреде-рикстад емханасының психологы Др. Отто Хауг алкогольдi ішімдік адамның ми клеткасын жоятындығын анықтаған. Арақты былай қойғанда қарапайым сыраның өзі миды зақымдайды. Кейбір құрамында этилдік элементтер көп сыраның миды әлсірету қуаты вискимен бiрдей екені анықталып отыр. Тiптi, кейбiр жағдайларда одан да асып кететiнi дәлелдеген.
Сыраға құмар әйел затының басқаларға қарағанда көкiрек рагына шалдығу қауіпі 60 пайызға жуықтаған. Ішімдіктің салдарынан еркектер - бүйрек, қуық және тiк iшек рагына шалдығу кең етек алып барады. АҚШ-та маскүнемдiкке байланысты туындаған қиыншылықтарды шешу мақсатына жыл сайын 56 миллиард доллар бөлiнедi. Бұл кішігірім елдің жылдық бюжетіне жетеқабыл қаржы.
Ішімдіктің салдарынан ажыраған отбасы, тiрi жетiмдердiң көз жасы, мүгедек туылған сәбилер, өлiм мен ауруды доллармен есептеу мүмкiн емес. Мемлекеттердiң көпшiлiгiнде маскүнемдiктi емдеудiң жолдары қарастырылған. Әрине, теледидар, баспасөз беттерiнде iшкiлiктiң зияндығы туралы сөз болатыны рас. Бірақ iшкiлiктi насихаттау ісі одан да күшті. Бұған дәлел - жарнамалар. Қысқасы, әлемдегі ең зиянды зат арақтан құтылудың жолын шешкен - Ислам шариғаты.
Ислам арақты қалай тыйды?
Жаһилият (Ислам діні келгенге дейінгі уақыт) заманында арабтар араққа қатты берілген. Тіпті сол кездің өзінде арақтың 100 түрлі аты болғаны айтылады. Ислам діні келуімен араб жазирасында арақ ішу бірте-бірте жойылды. Алдымен арақтың зияны көп екені туралы аят түсті. («Бақара» сүресі, 219-аят). Одан кейін мас күйінде намазға жақындамау («Ниса» сүресі, 43-аят) туралы бұйрық келді. Ең соңында Алланың: «Ей, иман келтіргендер! Арақ, құмар, бұтқа табыну, бал ашу - лас, нәжіс шайтанның тірлігінен. Шайтан, арақ және құмармен араларыңа дұшпандық, бір-бірлеріңді көреалмаушылықты салып, Алланы еске алумен намаз оқып, сауап алудан тосқысы келеді. Әлі де тоқтамайсыңдар ма?» («Маида» сүресі, 90-91-аяттар) деген үкімі арқылы түбегейлі тыйым салынды. Бұл һижраттың үшiншi жылы болатын.
Бұдан бұрынғы түсiрiлген аяттарда iшкiлiктiң зияндылығы туралы уағыз-насихаттар айтылып, ішімдіктің харам екені соңынан үкім етілді. Исламның даналығы да осында. Ең әуелi «Нахл» сүресiнің 67-аятында: "Құрма ағаштарының жемiстерiнен және жүзiмдерден арақ, әрi жақсы қорек жасап аласыңдар. Рас осы жерде ойланған елге анық үлгi бар» деу арқылы, iшімдік пен халал ризықтың бiр-бiрiнен айырмашылығы болатындығын, жүзiм мен құрмадан дәмдi тағамдар, тәттi сусындармен қатар адамды масайтатын iшімдік те жасау мүмкiн екенi ишара етiлген. Кейiн «Бақара» сүресiнiң 219-аятында: «Мұхаммед! Олар сенен iшімдік пен құмар ойнаудың үкiмiн сұрайды. Сен: «Оларда үлкен күнә мен адамдарға пайда да бар, алайда оның күнәсi пайдасынан тым зор, деп айт» деген насихаттық мағынадағы аят келді.
Бұл аят түскеннен кейiн мұсылмандардың бiразы iшкiлiктi тастайды. Алайда, аяттағы «адамдарға пайда бар...» деген сөзге иланып әлi де ішімдіктен тыйыла қоймағандар да баршылық едi. Соның бiрi үлкен сахаба Абдурахман ибн Ауф намаз оқып тұрып «Кәфирун» сүресiндегi: «Сендер (яғни, кәпiрлер) құлшылық еткен нәрселерiңе мен құлшылық етпеймiн» деп оқудың орнына, iшiмдiктiң әсерiнен: «Сендер (яғни, кәпiрлер) құлшылық еткен нәрселерiңе мен де құлшылық етемiн», деп аяттағы «лә» шылауын тастап кетеді. Осыған байланысты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Ей, мүминдер! Не айтып жатқандарыңды бiлмейiнше мас күйде намазға жақындамаңдар!» деген аят түсiрiлген. («Ниса» сүресi, 43-аят).
Одан кейінгі бiр отырыста iшiмдiктің әсерiмен қызу күйге түскен муһажирлер мен ансарлар әрқайсысы өздерiн мақтай бастайды. Мақтанудың соңы қызғаныш, ренiш, төбелеске ұласты. Осы оқиғадан кейiн жоғарыдағы «Маида» сүресiнiң 90-91 аяттары уахи етiлiп, iшімдікке толық тыйым салынды. Дәл осы аяттар түскен күні Мәдина мұсылмандары үйлерiндегі ішімдікті сыртқа төкті. Сахаба Әнас ибн Малик бұл оқиға туралы: «Iшкiлiкке тыйым салынғаннан кейiн бiз үйлерiмiздегi арақ-шарапты көшеге шығарып төктiк. Төгiлген iшiмдiктiң көптiгi сонша бiрнеше күн бойы Мәдина көшесінен iшімдіктің иiсi мүңкiп тұрды» деген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина тұрғындарынан үй-лерiндегi арақ-шарапты шығаруын бұйырып, ыдыс-тардағы iшкiлiктi өз қолымен төктi. Әрi сол күнi: «Аллаһ Тағала арақты, оны iшушi мен құйып берушiнi, сатушы және сатып алушыны, дайындаушы мен дайындатушыны, алып келушi мен алып келтiрушiнi және арақтан күн көргендi лағынеттедi» деген жоғарыдағы ұлағатты сөзiн айтты. Осы оқиғадан кейiн сахабалардың ешбiрi iшiмдiк iшпеген және оны саудалаумен айналыспаған.
Америкалық академик Жулиус Херш көп жыл арақтан арылу мәселесін зерттей отырып, маскүнемдiкке қатысты жазылған еңбегiнде: «Мұхаммед (с.ғ.с.) Құран арқылы арақты шектеп және ғасырлар бойы адамзаттың бір тобын арақтың зардабынан қорғай бiлді. ХХ ғасырда өркендеген Америка әртүрлi ұрандар көтеріп және ғылыми конференциялар ұйымдастырып ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмады» деп ашық мойындайды.
Ішімдікке қатысты хазiретi Осман р.а: «Ей, жамағат! Аллаһпен ант етем! Бiр жүректе маскүнемдiк пен имандылық бiрге тоғыспас. Оның бiрi екiншiсiн құртады» десе, хазiретi Біләл р.а: «Шараптың бiр тамшысы құдыққа тамып, кейiн сол құдықтың үстiне мұнара көтерiлсе, мен сол мұнарадан азан айтпас едiм. Егер шараптың бiр тамшысы теңiзге тамып, кейiн ол теңiз кеуiп, орнына шөп өнiп шықса, мен одан пайдаланбас едiм» деген.
Адамды бiр ғана микроб өлтiруi мүмкiн. Сол сияқты ішiмдiктiң бір тамшысы жүректегi иманды жояды. Жаратушысының әмiрiне бой ұсынудан алыстатады. Iшкiлiкке берiлгендер ширк еткен, яғни Аллаһ Тағалаға серiк қосқандай болады. Иманды кiсi iшiмдiктен аулақ болуы шарт.
Харамның атасы -арақ
Үшінші халифа Осман ибн Аффан хазіреті: «Харамның атасы - арақ» депті. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Алланың атымен айтамын - деп басталатын хадисінде: «арақ Тауратта, Інжілде, Забурде, Құранда лағынеттелген. Кімде-кім біреудің арақ ішуіне жәрдемдессе оның теріс жолға түсуіне себепкер болғаны. Шариғат бойынша бұл адам өлтіргенге тең келетін күнәлар қатарына жататын құбылыс. Кімде-кім арақ ішуші топпен бірге жүрсе қияметте екі көзі көр соқыр болады» дейді.
Шариғат мұсылманға арақ ішетін жерге баруға, арақ ішетіндермен бірге отыруға тыйым салған. Басқаша айтқанда, өзін мұсылман деп санайтын кісі арақ тұрған дастарқанға отырған жағдайда, Аллаға және ахырет күніне деген иманынан айырылып қалу қаупі бар. Аллаһ өзі сақтасын!
Қысқасы, шариғат бойынша мұсылман арақ-шарап қойылған жерде отырмауы тиіс. Омар (р.а.): Мен Аллаһ елшісінен (с.ғ.с.): «Кім Аллаһқа және ақырет күніне иман келтірсе, арақ қойылған дастарқанға отырмасын, деген сөзін естіп едім» (имам Ахмед) дейді. Әділ халифа ретінде танылған Омар бин Абдулазиз арақ ішкендерді олармен қоса ішімдікті аузына алмаса да сол дастарқан басында отырғандарды дүреге қоса жығатын болған.
Арақ-шарапты сату, одан түскен табысты жеу мұсылманға тыйым салынған. Пайғамбарымыз - арақ жасауды талап еткен; арақ жасаған; арақты тасыған; сатқан; сатып алуды талап еткен; сатып алған немесе сыйлық еткен; сатқанынан пайда көрген; ішкен; арақ ішкендермен бірге отырғандарға қарғыс болсын деген.
Осы хадистің үкіміне қарағанда мұсылман сыйлық ретінде адамға арақ беруіне әсте болмайды. Тіпті сыйлық ретінде яхудиге, насараға және басқа адамға беруі де харам саналады. Пайғамбарымызға бір кісі арақ құятын ыдысды сыйға бермек болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол кісіге «бұл харам» деп түсіндіреді. Ол кісі: «бұл ыдысты сатайын ба?» деп сұрайды. Пайғамбар: (с.ғ.с) «Ішуге тыйым еткен Аллаһ оны сатуды да харам еткен» дейді. Әлгі адам: «мұны яхудиге сыйға берсем ше?» деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с): «Аллаһ харамды яхудиге сыйлық етуді де тыйым салған» дейді. Сонымен қатар мұсылман адам арақ немесе шарап жасайтын адамға өзінің жүзімін сатуға да тыйым салынған. Бұл жайлы Табаранидің «Аусат» атты кітабында: «Кім жиын-терім кезінде жүзімді сақтап яхудиге, насараға немесе арақ-шарап істейтін (ол мұсылман болса да) адамға сатса, шын мәнінде өзін отқа лақтырғаны» дейтін хадисі келтірілген.
Құрметті мұсылман қауым, қазақы қандастар, ел боламыз десек ең алдымен халқымыздың тамырына балта шабатын арақтан аулақ болғанымыз абзал. Осы арақтың кесірінен небір қауымдар құрып кетті. Арақ атамыздан қалған ас емес. Абай бол, ағайын!
Талғат Рысқұлбеков
«Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы