Медресе директорлары бас мүфтиге есеп берді

Медресе директорлары бас мүфтиге есеп берді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында «Нұр Мүбәрак» университеті, Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты, Қарилар орталығы және медресе директорлары бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына 2016 жылда атқарылған іс-шаралар туралы есеп берді.

Есеп беру жиынында діни оқу орындарындағы ұстаздар құрамының деңгейі, 2015-2016 оқу жылындағы түлектер туралы мәлімет, түлектердің жұмысқа орналасуы, мемлекеттік лицензия мәселесі, кітапхана қоры, қоғамдық шаралардың ұйымдастырылуы, медресені жөндеуден өткізу, ұстаздардың жұмыс жоспары, оқу орнындағы проблемалар және оны шешудің жолдары, шәкірттердің білімі, т.б. мәселелер жан-жақты талқыланды.

«Діни салада медресе мен университеттің орны мен рөлі ерекше. Өйткені, сіздер болашақ имамдарды даярлап жатырсыздар. Түлеп ұшқан шәкірттер ертең-ақ жауапты діни қызметке тағайындалатын болады. Сондықтан діни кадр мәселесін шешу, атап айтқанда, білікті имам-молдаларды даярлау тікелей сіздерге байланысты. Жұмыстарыңызға өте мұқият болыңыздар», деп атап өтті бас мүфти.

Жиын соңында ҚМДБ төрағасы оқу орындарының жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, бүгінде Діни басқармаға қарасты 1 университет, 1 институт, 2 қарилар орталығы, 9 медресе жұмыс істейді. Аталған діни оқу орындарында 2853 шәкірт білім алуда. Ал жуырда «Үшқоңыр», «Шымкент», «Сарыағаш» медреселері колледж деңгейіне көтерілді. Онда діни пәндермен бірге зайырлы пәндер де оқытылады.   

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: