Бұрынырақ хабарланғандай елімізде біріңғай мектеп формасын енгізу мәселесі шешілген болатын. Бұдан былай оқушылардың мектеп қабырғасында ала-құла киінуіне тыйым салынып, білім мекемелеріне ата-аналардың ұжымдық кеңестері арқылы бір текті киім үлгісіне көшу міндеттелді.
Алайда, бірқатар қоғам мүшелері бұл бастама азаматтардың діни наным-сенім бостандықтарына қайшы келіп, азаматтардың құқықтарын шектейді деп наразылық туғызған болатын.
Қыз балалардың мектепке орамал тағып баруына рұқсат сұрап министрлікке өтініш жолдағандарда да есеп жоқ көрінеді.
«Орамал мен кимешек конституциялық талаптардың ешқайсысына қайшы келмейді. Демек, оны тағуды шектеу – заңсыз. «Бала құқығы туралы» заң да, Конституция баптары да мұндай шектеу қоймайды. Сондықтан осы мәселенің оң шешімін тапқанын қалаймыз», - деген өтініш иелерінің бірі Иман Қуанышқызы.
Өз кезегінде Білім және ғылым министрлігіндегілер біріңғай мектеп формасын енгізу озық білім ұйымдарының тәжірибесіне сүйеніп жасалғанын хабарлады.
«Қабылданған талаптарға сәйкес, мектеп формасын енгізу жалпы мектептік ата-аналар жиналысының шешімімен жүзеге асады. Талапқа сәйкес, мектеп формасының фасоны мен түсін білім беру мекемесі мен ата-налар қауымының бірлесіп таңдайды. Білім беру мекемесі ата-аналардың ұсынысы болған жағдайда мектеп формасына бас киім қосу туралы шешім шығара алады», - делінген министр блогындағы жауапта.
qamshy.kz