Рио-де-Жанейрода Олимпиада ойындары кезінде журналистерді тасымалдаушы автобусқа шабуыл жасалып, екі адам зардап шекті - деп хабарлайды BAQ.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Жолаушылардың бірінің айтуынша, Деодоро олимпиада кластерінен баспасөз орталығына бағыт алған журналистер отырған автобусқа белгісіз біреулер оқ жаудырған. Салдарынан автобустың терезесі сынып, оның сынықтары екі адамды жарақаттаған.
Біреуі түрік волонтері болса, тағы бірі — беларусь тілшісі.
Оқиға куәгерлерінің бірі тапаншадан екі рет оқ атылғанын естігенін айтады. Мұны автобуста болған америкалық екі журналист растайды.
Оқ дауысын естігінде автобустағылардың барлығы жерге жата қалған. Ал автобус тоқтамай, алға жылжи берген.
Қалай дегенмен де жергілікті полиция қарудан оқ атылды деген фактіні жоққа шығарып отыр. Олар автобусқа белгісіз біреулер тас лақтырып, терезелерін сындырды деген мәлімет таратты.
The Guardian тілшісі Клэр Ригби де Twitter-дегі жеке парақшасында автобустағылар оқ дауысын естіген жоқ деп жазды.
Олимпиада ойындарының ұйымдастырушы комитеті тергеу жұмыстарын бастағанын мәлімдеді.