
** Андрей, 29 жаста:** – Исламға бет бұрғаныма үш жылдың жүзі болды. Және де мен мұны кездейсоқтық дей алмаймын. Мұсылмандық менің қанымда бар. Жалпы, дін деген нәрсенің жаныма әрдайым жақын болғанын айтқым келеді. Бала кезден-ақ христиандық діни жоралғыларды бұлжытпай орындап, шіркеуге үзбей барып тұрдым. Алайда рухани тұрғыдан өсіп-жетіліп, сана-сезімім кемелденген сайын христиан дінінен біртіндеп алшақтай бердім. Менің арғы аталарым – татарлар. Атамның атасының атасы әулетіміздегі ең соңғы мұсылман болған екен. Одан кейінгі үш ұрпақ христиан дінін ұстанды. Қазір ойласам, жаһил (араб сөзі, «қараңғылық, білімсіздік, пұтқа табынушылық, ислам дінінен тысқары ғұмыр кешу») болған шағымда әулетіміздің басына небір қиындықтар түскен екен. Талай туысым дінсіздіктің кесірінен қайғы-қасірет шекті. Менің достарымның көпшілігі намаз оқиды. Исламға келуіме себепкер болған да солар. Алланың бұйрығы шығар, әйелім де мұсылмандықты берік ұстанатын қазақ қызы.

– Бірде Тастақтағы мешітке барып, наиб-имамнан: «Ислам дініне қалай өтуге болады?» деп сұрадым. Ол кезде мен әлі де христиан едім. Екеуміз ұзақ әңгімелестік. Ол маған мұндай жауапты шешімді асықпай қабылдау керектігін айтты. Алдымен ислам дінін біршама танып-білуіме кеңес берді. Уақыт өте келе исламның хақ дін екеніне, Құран аяттарының астарында ақиқат жатқанына көзім анық жетті. Жарты жылдай сүрелерді, салауаттар мен дұғаларды үйрендім. Мешітке барып, мұсылмандардың арасында болуға дағдыландым. Біртіндеп жұма намазына қатыса бастадым.

– Әрине, өзге дінді таңдағанымды туыстарым бірден қабылдай алмады. Олар маған біртүрлі қауіптеніп қарайтын. Менің оларға ренжитін жөнім жоқ. Себебі, ой-санама жаңадан орныққан жайлар олар үшін мүлде түсініксіз болатын. Алайда мен жақындарымнан безінбеуге тырыстым. Өйткені, ислам дінінде туыстық қарым-қатынастар басты құндылықтардың бірі саналады. Исламды қабылдаған соң, менің ортам да өзгерді. Айналаңдағы адамдарды Алла өзі іріктейді екен. Бұрынғы таныстарымның көпшілігімен бірден ат кекілін кесіспесем де, шариғатта тыйым салынған нәрселерге әуес дамдардан ақырындап алыстай бердім. Өз басым бұрыннан-ақ темекі мен арақтан бойымды аулақ салушы едім. Дін жолына түскелі бері жаман сөз айтудан тыйылдым. Сонымен қатар, отбасыма көбірек көңіл бөлетін болдым. Бүгінде бос уақытымның барлығын үш баламның тәрбиесіне арнаймын. Өйткені, дәл қазіргі кезде ұлдарыма ер адамның тәрбиесін алу аса қажет.
Ислам дінінде төрт әйел алуға рұқсат. Бірақ екінші әйел алу әзірге ойымда жоқ. Біреуінің өзіне қанағат. Мұсылман екінші әйелді нәпсі үшін емес, Алланың ризашылығы үшін алады. Мысалы, жалғызбасты әйелге көмектесу үшін, тағы басқа себептермен. Тек осындай кезде ғана бұл іс сауапты болмақ.

– Ислам діні адамды сабырлы болуға үйретеді. Мені ерекше тәнті еткені де осы. Мұсылман адам қандай қиындыққа тап болса да, артын сабырмен күтеді. Сонда ғана Жаратушы Иеміз пендесіне тура жолды нұсқайды. Неліктен мұсылман адам басына түскен қиындыққа мойымайды? Себебі, біздің дінімізде фәни дүниенің жалған екені айтылады. Сен тағдырға, жазмышқа мойынсұнасың. Жаратушының құдіретіне шек келтірмейсің. Әр нәрсенің хикметі барын білесің. Мен бес уақыт намазымды қаза қылмауға тырысамын. Жұмыста намазхан жандар үшін жағдай жасалмаған. Бірақ жақын маңда мешіт бар. Оның үстіне күнұзақ офисте қамалып отырмаймын. Қаланы аралап көп жүремін. Жұмыстың орайы солай. Жол-жөнекей мешіттерге кіріп, мұсылмандық парызымды өтеймін. Мен мұсылман екенімді жасырмаймын. Бірақ айналама әйгілеп, көпе-кернеу көрсеткім де келмейді.

** Екатерина, 47 жаста:** – Осыдан он жыл бұрын Санкт-Петербург қаласында тұрдым. Күйеуіммен ажырасқан соң, екі баламды жалғыз асырауға тура келді. Аянбай еңбек еттім. Қатты қиналған кездерім де болды. Ауырпалық адамды оңдыра ма? Уақыт өте келе денсаулық та сыр бере бастады. Ақыры дертке шалдықтым. Клиникалық өлімді басымнан өткердім. Жанымның тәнімнен бөлініп шығып, Жаратушының алдына барғанына куә болдым. Ол жақтан қайтқым да келмеп еді. Алайда маған әлі де талқаным таусылмағаны, көп нәрсені көруге, үйренуге тиіс екенім айтылды. О дүниеден ораларда бір тылсым құдірет қолымнан ақырын ғана ұстап, жетектеп отырды. Сол сәтте зеңгір аспанның ар жағынан араб тілінде дұғалар оқылып жатты. Бұл оқиғаға дейін мен Інжіл мектебін тәмамдап, Библиядан дәріс берген едім. Бұл да бір жазмыш шығар, мені емдеген дәрігер ислами ілімді терең меңгерген араб болды. Екеуміз дін тақырыбында пікір таластырып, ұзақ әңгімелесетінбіз. Мен әркез оны ырқыма көндіріп, сеніміне қаяу түсіруге тырыстым. Ол болса, мені жаймен ғана тәй-тәйлатып, ислам жолына бастап отырды. Көп ұзамай екеуміз жақсы дос-жарға айналдық. Біртіндеп оның сөздері көкейіме қона берді. Оның үстіне маған өлім аузында жатып көрген түсім маза бермейтін. Құран аяттары санамда сайрап жатты. Аяққа тұрған соң, мешітке баруға бел будым. Есік алдында тұрған әйелдерден кіруге рұқсат сұрадым. Олар : «Орамалың бар ма?» деп сұрады. Мен: «Бар» дедім. Сөйтсем, мешітке дәл намаз уақытында келіппін. Маған намаз оқыған адамдардың жүздері нұрланып, айналаға әлдебір шуақ шашып тұрғандай көрінді.

– Мінәжат кезінде оқылған аяттар маған ерекше әсер етті. Тіпті, жылап та жібердім. Жақындарым, таныс-тұныстарым мұсылман болғанымды қаламады. Жападан-жалғыз қалдым. Бұл маған өте ауыр тиді. Шаңырағымның шайқалғаны, екі баламен қалғаным, ауруға шалдыққаным, ақшадан қысылғаным аздай, енді арқа сүйейтін ет жақын адамдарым менен алыстап кетті. Ешкім мені түсіне алмады. Бұрын мені достарым, әріптестерім дініне берік христиан ретінде үлгі тұтатын. Ақылшы санайтын. Олардың барлығы да: «Сен сатқынсың!» деп бетіме айтты. Туыстарым тіптен шошынды. Қолыма баламды алып, мұсылманша киініп үйге келгенім әлі есімде. Мамам үстімдегі хиджапты көріп, үйден қуып шықты. Жарты жыл бойы шешем екеуіміз мүлдем сөйлеспей жүрдік.

– Алайда уақыт бәрін өз орнына қояды екен. Біртіндеп менің киім киісіме маманың да көзі үйрене бастады. Сөйтіп жүргенде, аяқ астынан тағы да қасіретке тап болдық. Мамам мен өгей әкем жол апатына түсті. Өгей әкемнің көзі көрмей қалды. Анам да ауыр жарақаттар алды. Қазір ойласам, осының бәрі бекер емес сияқты. Олар ашу-ызаға бой алдырған болатын. Соның кесірі тиді. Мен ата-анаммен қайта қауышып, бір жақтарына шығуға тырыстым. Ауыр науқас олардың сағын сындырып жіберген еді. Көп ұзамай анам екеуміз жайлап тіл табыса бастадық.
Ислам дініне кірген кезімде өзімді сатқын сезінген жоқпын. Мүлде бейтаныс, жат құндылықтарды қабылдадым деп ойламадым. Жаратушы біреу ғана. Оған баратын жолдар ғана бөлек.
Менің киімім адамдардың агрессиясын тудырады деп айта алмаймын. Әйтеуір, араларынан мені жақтайтын біреу шығады. Бірде кезекте тұрған әйелдер мені әңгімелей бастады. Сонда бір ер азамат ара түсіп: «Бұл қызға сонша шүйлігетіндей не болды? Киген киімінің сіздердікіне ұқсамайтыны рас. Бірақ жинақы, таза, сәнді екенін көрмейсіздер ме?» деді. Питерде мешіттен шығарда кейбір қыздар көшедегі елдің, әсіресе, полицейлердің сұқтана қарағанынан қатты қорқатын. Айталық, сабақтан шығып, қыздармен метроға мінерде, елдің бәрі бізден қашқайтатын. Платформада бізден басқа бірде-бір адам болмайтын. Вагонға кірсек те, жұрт өре түрегелетін. Мен құрбыларыма: «Қап-қара киім кимесеңдерші. Сендер Біріккен Араб Әмірліктерінде жүрген жоқсыңдар ғой. Жастарыңа лайық, ашық түсті киімді таңдаңдар. Көрмейсіңдер ме, метродағы адамдар сендерді лаңкестер екен деп шошып кетті» дейтінмін.

– Мен қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде істедім. Бір жолы компьютеріміз бұзылып қалды. Дереу мешіттегі қыздарға хабарластым. «Техниканың тілін білетін таныстарың жоқ па?» деп сұрадым. Олар маған бір жігіттің телефонын берді. Болашақ жарыммен осылай таныстым. Біраз уақыт екеуміз жай ғана сөйлесіп жүрдік. Күндердің бір күні ол маған: «Үйленейік» деп ұсыныс жасады. Басында бұған соншалықты мән бермеген едім. Бірақ шейх маған әйел адамның жалғыз жүруіне болмайтынын, ер азамат ұсыныс жасаған жағдайда бас тартпауы керектігін айтып, ақыл-кеңес берді. Біз Питерде тағы екі жыл тұрдық. Күйеуім оқуын бітіргенше. Сосын ол өзінің еліне қайтқысы келді. Сөйтіп, Алматыға көшіп келдік. Қазір екеуміз жақсы тұрамыз. Бір-бірімізді сыйлаймыз. Аялаймыз. Ол менің балаларыма әке болды. Әсіресе, кіші ұлымды өте жақсы көреді. Кенже ұлымыздың үш жасқа дейін тілі шықпады. Күйеуім жатпай-тұрмай баланы дәрігерлерге қаратумен болды. Талай логопедтің есігін тоздырды. Талай дәрігерлік комиссияның алдын көрді. Баланы арнаулы балабақшаға орналастырды. Жыл сайын Питерге, туыстарға барамыз. Қайтарда ресейлік шекарашылар ұлымнан: «Қайда бара жатырсың?» деп сұрайды. Ұлым: «Қазақстанға, әкеме барамын» деп жауап береді. Егер менің жарымдай азаматтар көп болса, өмірде бүліінген отбасылар, алданған әйелдер әлдеқайда азырақ болар еді деген ойдамын. Аурудан айығып, жаңа өмірге қадам басқаным үшін Жаратушыға шексіз мадақ айтамын. Қазір біз Алматыда тұрамыз. Бұл қала менің екінші үйіме айналды.

Анюта, 21 жаста: – Менің атым Анюта. Ал имам азан шақырып қойған мұсылманша атым Әмина! Ислам дінін қабылдағаныма бір жарым жыл болды. Бала кезімде дінге аса қызықпаушы едім. Бірақ Құдайдың бар екеніне және оның жалғыз екеніне шүбә келтірген емеспін. 18 жасымда дінге біржола бет бұрдым. Отбасымдағы адамдар православие дінін ұстанғандықтан, шіркеуге жиі барып тұрдым. Әсілі, мен Семей қаласының тумасымын. Екі жыл бұрын Алматыға қоныс аударып, өз өмірімнің жаңа белесіне аяқ бастым. Бастапқыда құрбым мен оның күйеімен бірге тұрдым. Біз дастархан басында үнемі дін тақырыбында әңгіме қозғайтынбыз. Бірде үй иесі Жаратушының қасиетті кітаптарды адамзатқа пайғамбарлар арқылы жібергені жайлы сөз қозғады. Алла Тағала Тауратты – Мұсаға, Забурды – Дәуітке, Інжілді – Исаға, Құранды соңғы пайғамбар Мұхаммедке түсіргенін айтты. Құранда бірде-бір қате жоқтығын, адамзатқа түскелі бері бірде-бір сөзі өзгермегенін мысалға келтірді. Исламға өту жайлы ой маған сол кезде келген болатын. таныс-тұныспен ақылдасып көрдім. Бәрі де маған дінді өзгертудің ауыр күнә екенін ескертті. Бірақ ешкім мені райымнан қайтара алмады. Мұсылман дінін қабылдайтыныма іштей сенімді едім.

– Жаңа орынға жұмысқа тұрған соң, бір жақсы адаммен таныстым. Аса діндар болатын. Намаз оқығанына 18 жыл болыпты. Ол үнемі ислам мен православиені салыстыра беретін. Басында онымен әңгімелеспей жүрдім. Айтқандарын үнсіз тыңдайтынмын. Артыннан оның бойындағы ізгі қасиеттеріне тәнті бола бастадым. Соншалықты сабырлы, мейірімді жан екеніне көзім жетті. Міне, осы Әрсен ағаның тәлімінің арқасында исламға келдім. Және мұның ешқандай қиындығы жоқ екен. Мұсылман атанған күнім әлі есімде. Күнделікті қарбалас жұмыс кезі болатын. Тілімді кәлимаға келтірген сәтте басым айналып, ішкі әлемімде бір өзгеріс болғанын сезіндім. Сол кезден бастап мұсылман атандым. Қазір мен бес уақыт намаз оқимын. Ораза тұтамын. Бірақ тұмшаланып хиджап киюге әлі де дайын емеспін. Әлі де өз өмірімді өзгерткім келеді. Қолайыма жағатын жұмыс орнын іздеп жүрмін. Айналамдағы адамдардың менен үрікпей, түсіністікпен қарағанын қалаймын.

– Мамам да, бауырларым да ислам дінін қабылдағаныма қарсы болған жоқ. Бірде шәй үстінде анама: «Мама, мен әлхамдулла мұсылман болдым. Болашақта хиджап кигім келеді» дедім. Ол кісі тіптен таңырқаған жоқ. «Біздің ауылда ондай киіммен жүре алмайсың-ау!» деді де қойды. Оның мұсылман болғаныма қарсы еместігін сонда білдім. Екі жыл қатарынан ораза ұстадым. Қасиетті Рамазан айының басында анама телефон соғып, оразаның сауабы жайлы айттым. Оразаның әлде екінші, әлде үшінші күні жұмысқа келсем, бізге жиі келіп жүретін бір әйел кісі: «Сен біреуге ғашық болып қалғансың ба? Бір орында отыра алмай, ұшып-қонып жүрсің ғой!» деді. Оның сөзінің жаны бар еді. Бұл күндері бойымды ерекше сезім билеп алған болатын. яКөңілім шаттанып, жан-жүрегіме нұр сәулесі құйылғандай болды да тұрды. Қолымнан келгенше адамдарға жақсылық жасағым келді. Өмірде талай қиындық көрдім. Бірақ қазір қиындықтарға мойымайтын болдым. Себебі, мен ақиқатты таныған адаммын. Исламдағы өмірдің нағыз өмір екенін түсіндім. Мұсылман болғаныма шексіз ризамын.

Юрий, 24 жаста: – Достарым қазақ болғандықтан, қазақы ортада өмір сүрдім. Қазақтың тілін үйреніп, салт-дәстүріне қанығып қана қоймай, діні – исламды да қабылдадым. Достарымды мәшинемен мешітке жиі апарып жүрдім. Олар намаз оқып шыққанша күтіп тұратынмын. Құры тұрмайсың, азаншының даусына еріксіз құлақ түресің. Бір күні түс көрдім. Ақ киім киген алмапсадай сақалды адам маған арабша жазумен айшықталған кітап ұсынды. Кейін білдім, ол қасиетті Құран екен. Әлгі адам маған кітапты қос қолдап ұсынды. Мен алмаймын. Бұл түстің ғажаптығы сол, дәл өңімдегідей бәрін анық көрдім, анық сезіндім. Және осы түсті жиі көретін болдым. Басыма түрлі ойлар келе бастады. Күндердің бір күні достарыммен бірге мешітке келсем, бір топ адам әңгімелесіп тұр екен. Олардың біріне көрген түсім жайлы айтып едім: «Сен кітапты алғын. Ислам дінін қабылда» деп кеңес берді. Ол кезде ислам туралы түсінгім шамалы еді. Ата-анам атеист болғандықтан, дін деген мәселеге бас қатыра бермейтінмін.

– Бір күні, әдеттегідей, мұсылман досымды мешітке алып бардым. Мен оған мешітке кіріп көргім келетінін айттым. Мұсылмандардың намазды оқитындарын көзбен көрсем деген ойда болдым. Себебі, түсімде көргендерім көкейімнен кетпей жүрген болатын. Досым маған біраз таңырқап қарап тұрды да: «Намаз оқисың ба?» деп сұрады. Мен бірден:» Иә» деп жауап бердім. Ол маған қалай дәрет алу керектігін, жамағатпен бірге намазға жығылудың шартарын үйретті. Сөйтіп, өмірімде бірінші рет басымды сәждеге тигіздім. Басында туыстарым мешітке барып жүргенімді білмеді. Маған ағайым ғана түсіністікпен қарады. Оның да достары намаз оқитын қазақтар болатын. Ал ата-анам үзілді-кесілді қарсы шықты. Бірде туыстарым супермаркеттің қасындағы мешіттен шығып келе жатқанымды көріп қалды. Мен барып, олармен амандастым. Мұсылман атанғанымды айттым. Тура 15 минут өткен соң, мамам қоңырау шалды. Оған жай-жапсарды түсіндіруге тура келді.

– Анам мені секталардың біріне кірді деп ойлапты. Сондықтан исламнан тез арада шығуымды талап етті. Ол маған: «Буддизм, христиан діні таңдасаң, келісер едім. Тек ислам емес. Мұсылман кәрісті қайдан көріп едің?» деді. Мен анамды сабырға шақырдым. Исламда зорлық жоқ екенін, дінге өз жүрек қалауыммен кіргенімді, ешқандай сектаға емес, мешітке барып жүргенімді айттым. «Бұрын мен қандай едім? Сізбен қалай сөйлесуші едім? Қазір мүлде басқа адамға айналғанымды байқамайсыз ба? Ислам дінінде араққа, темекіге, құмар ойындарға тыйым салынған. Мұсылман адам жақсылыққа ұмтылады, жамандықтан тартынады. Мысалы, мен қазір темекі тарпаймын, арақ ішпеймін. Осы да жаман ба? Егер ислам діні болмаса, қайтер едім? Білмеймін... Менің тура жолды таңдап, мұсылман атануым – Алланың қалауы» дедім. Мамам екеуміз ол күні тіл табыса алмадық. Қалған туыстарым да өре түрегелді. «Сен біздің әулеттің атына кір келтірдің» деді. Үйлеріне қонаққа бара қалсам, отырып алып ақыл айтатын. Ал егер теледидардан лаңкестік әрекеттер, жарылыстар туралы бірдеңе көре қалса: «Әнеки, сенің бауырларыңның қылығы» дейтін. Дегенмен, уақыт өткен сайын туыстарым мені түсіне бастады. Мамам намаз оқуыма рұқсат берді. Басында намазды тек жұма күндері оқып жүрдім.

– Қазір мен ұстамды, сабырлы болуға дағдыландым. Адамдарға деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Бірінші кезекте анама деген құрметім арты. Бұрын ол кісіге қарсы сөйлеп, дауыс көтерген кездерім де болған. Ислам діні ананы ерекше құрметтеуге үйретеді. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызынан құтылмайсың» дейді мұсылмандар. Қазір мен Дәурен Мұса деген діндес бауырыммен бірге жұмыс істеймін. Ислам жайлы біліміді тереңдете түскім келеді. Мен адамдарды «мұсылмандар», «мұсылман еместер» деп бөлмеймін. Барлығымыз Адам атаның ұрпағымыз. Ал Адамды Алла Тағағала топырақтан жаратқан. Бұ дүниенің де, о дүниенің де иесі бір Алла ғана.

Аркадиий, 27 жаста: – Менің басыма айтарлықтай қиындық түскен емес. Сондықтан исламға қиналған сәтте мойынсұндым десем өтірік айтқан болар едім. Жоғары білімді маманмын. Сүлеймен Демирел атындағы университетте оқыдым. Бүгінде телекоммуникация саласында еңбек етемін. Бала кезде бауырларым, әпкем бәріміз корей шіркеуіне барып жүрдік. Құдайға құлшылығым сол жерден басталды. Есейген сайын тіршіліктің мәнін іздей бастадым. Біреулер түрлі ғылыми теорияларға имандай сенеді, біреулер тек өзіне сенім артады. Енді біреулер мүлде ешнәрсеге сенбейді. Ал мен бір ғана Жаратушы бар екендігіне сенімді болдым. Бірақ қай дінді таңдарымды біразға дейін білмей жүрдім. Десек те, айналамда мұсылмандар көп болғандықтан, ислам жайлы көбірек білдім.

– Ислам дінін ұстанатын достарыма таңғалатынмын. Олар кез келген ортада һздерін ұстай білетін. Сый-құрметке бөленетін. Өн бойларынан адамдарға деген құрметті, ізгілікті, мейірімді байқайтынмын. Менің исламға келуіме осы нәрселер әсер еткен тәрізді. Алдымен қасиетті Құранның орыс тіліндегі нұсқасын оқып шықтым. Көп нәрсеге көз жеткіздім. Өзімді көптен мазалап жүрген сан сауалға жауап алдым. Сонда да ізденісті тоқтатқан жоқпын. Алматы қаласының орталық мешітінің сайтына, ресейлік umma.ru сайтына үзбей кіріп тұруды әдетке айналдырдым. Осылайша, исламды барынша танып-біліп барып қабылдадым. Мұсылмандық жолға түскеніме 3-4 жыл болып қалды. Мен өмірде бір ғана адамды пір тұтамын. Ол – Алланың соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбар. Ал өмірлік қағидаттарым – қасиетті Құран аяттары. Орталық мешітте арнайы курстан өттім. Араб әліпбиін меңгеріп, Құран оқитын дәрежеге жеттім. Ендігі мақсатым – араб тілін үйрену. Қасиетті кітапты түпнұсқа арқылы танығым келеді.

– Қазір маған туыстарымның барлығы дерлік түсіністікпен қарайды. Мінеки, 10 жылдан асты інім екеуміз Алматыда тұрамыз. Ата-анам –Қызылордада. Ол кісілермен барынша жылы сөйлесуге, сыпайы болуға тырысамын. Олар ұзақ уақыт бойы менің мұсылман болғаным жайлы білмеді. Бірақ Алланың қалауымен анам жақында хабардар болды. Қарсы емес екенін айтты. Жуық арада әкеммен ашылып әңгімелесетін шығармын. Өзге дінді таңдағанымды дұрыс қабылдайды деген үмітім бар. Інім мұсылман болмаса да, маған қатты қолдау танытады. Сол үшін оған өте разымын. Осы орайлы сәтті пайдаланып, ислам жайлы көп-көп әңгіме айтқым-ақ келеді. Бірақ уағыз айтатын дәрежеге әлі жете қоймағанымды білемін. Уағыздың тек мешіттерде жүргізілгені дұрыс.

Антон, 19 жаста: – Исламға он жыл бұрын келдім. Біраз жылдар ізденісте болдым. Ойландым. Қабырғаммен кеңестім. Оң-солымды танып, саналуан сұрақтарға жауап іздедім. Меніңше, бұл дұрыс та. Дүкеннен техника құралын сатып аларда да, біраз ойланамыз ғой. Жұрттың пікірін тыңдаймыз. Алатын зат жайлы мәлімет жинаймыз. Салыстырып көреміз. Ал дін таңдаудың одан әлдеқайда маңызды екенін айтпаса да болады. Сондықтан тек сезімге ғана беріліп шешім қабылдауға болмайды. Ислам жайлы білген сайын қызығушылығым арта берді. Оның соншалықты қисынды, оңай, ыңғайлы, қазіргі тілмен айтқанда «юзер френдли» екендігіне таңғалдым. Білімім тереңдеген сайын «ислам – менің дінім» деген тұжырымға келе бердім.
Әлі есімде, православие дінін ұстанып жүрген шағымда, мұсылмандарға қызыға қарайтынмын. Олар үшін бәрі түсінікті еді. Барлық сұрақтарға жауаптары дайын еді. Мінәжат етудің шарттары мен талаптары да айқын еді. Өз дінімнен осындай айқындықты, дәлдікті таба алмай, қиналатынмын. Тіпті, өзге діннің артықшылықтарын көріп, ашуланған кездерім де болды. Әсіресе, екі түрлі Библияны (негізінде нұсқалары одан көп) қолға алған сәттерде, әулие әкейдің Жаратушы мен адамдар арасындағы дәнекер міндетін атқарып, елдің күнәларын кешіріп жатқанын көргенде, қатты ызаланатынмын. Мен мұның бәрін христиан дінін жоқ жерден қаралап, тұқырту үшін айтып отырған жоқпын. Христиандықтың адамдар тарапынан көп өзгеріске ұшырағанына, бұрмаланғанына көзім анық жеткендіктен айтамын. Және бұл діннің бұрмаланып, кереғарлық пен қарама-қайшылыққа толып кеткені сондай, қайта жүйелеп, бастапқы қалпына келтіру мүмкін емес.

– Алғаш рет оразаны христиан болып жүріп ұстадым. Ол кезде исламға деген көзқарасым оңала қоймаған еді. Достарым ислам жайында сөз қозғай қалса, тыпыршып шыға келетінмін. Ораза тұту арқылы бір күн аш жүргенде тұрған ештеңе жоқ екенін біріншіден оларға, екіншіден өзіме-өзім дәлелдегім келді. Бірақ түптің түбінде аса мейірімді Алланың нәсіп етуімен мұсылман атандым. Ата-анам бұл таңдауыма қарсы болмады. Олар өте демократияшыл адамдар. «Әркімнің өз таңдауы бар» деген қағиданы ұстанады. Тіпті, оны айтасыз, ата-анам маған қолдау танытты. Мысалы, ораза кезінде мамам менімен бірге тұрып жүрді. Мен сәресі ішіп болған соң ғана төсегіне жататын.

Исламды қабылдау әлдебір электронды давайсты қайта жаңартқанмен бірдей. Егер мамандар бағдарламаның әлдеқайда жақсарған, жаңа нұсқасын шығарып жатса, неге соны пайдаланбасқа?! Бәсекелестің пікіріне құлақ түрмей-ақ.
voxpopuli.kz