Ислам дінінде қоғамға пайда әкелетін игі амалдардың бірі – уақып. Уақып – белгілі бір мүлікті немесе дүниені Алла жолына арнап, оны халық игілігіне тұрақты түрде пайдалану дегенді білдіреді. Яғни адам өз мүлкін жеке пайдасы үшін емес, қоғам игілігі үшін арнап, оның сауабын Алладан үміт етеді. Бұл – мұсылман қоғамында ежелден қалыптасқан ізгі дәстүрлердің бірі.
Уақыптың басты ерекшелігі – оның сауабы үздіксіз жалғасып тұрады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
«Адам баласы дүниеден өткен кезде оның амал дәптері жабылады. Тек үш нәрсенің сауабы жалғасады: садақа жәрия (үздіксіз садақа), пайдалы ілім және дұға жасайтын ізгі ұрпақ» – деген (Мүслим).
Ғалымдар хадисте айтылған «садақа жәрияның» бір көрінісі – уақып екенін түсіндіреді. Өйткені уақыпқа берілген дүние адамдарға ұзақ уақыт бойы пайдасын тигізіп, оны жасаған адамның сауабы үзілмей жалғаса береді.
Ислам тарихында уақыптың маңызы ерекше болған. Көптеген мешіттер, медреселер, мектептер, жолдар, құдықтар мен көпірлер уақып арқылы салынған. Мұның барлығы қоғамның дамуына, халықтың игілігіне қызмет еткен. Мұсылмандар өз мүлкін Алла жолына арнап, кейінгі ұрпаққа пайдалы іс қалдыруды үлкен сауап деп білген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) де сахабаларын игі амалдар жасауға үнемі шақырып отырған. Бір хадисте:
«Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдасы тигені» – деп айтылған.
Бұл хадис әрбір мұсылманның қоғамға пайдалы іс жасап, өзгелерге жақсылық жасауға ұмтылуы керектігін білдіреді. Ал уақып – адамдарға ұзақ уақыт бойы пайдасын тигізетін ізгі амалдардың бірі. Қазақ халқы да қайырымдылық пен жомарттықты жоғары бағалаған. Ата-бабаларымыз мешіттер мен медреселер салуға, жол салуға, көпір тұрғызуға немесе мұқтаж жандарға көмектесуге үлес қосып отырған. Бұл – уақыптың халық өміріндегі маңызын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, уақып – қоғам игілігіне қызмет ететін әрі сауабы үздіксіз жалғасатын ерекше амал. Әрбір мұсылман қолынан келгенше қайырымдылық жасап, қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылғаны абзал. Өйткені игі іс – адамның артында қалатын ең үлкен рухани мұрасы.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


25 Наурыз 2026
6 Шавваль 1447

